Денсаулық

Қазақстанда коронавирустан қанша бала көз жұмды

Бұған дейін Қазақстанда балаларға вакцина салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. Вакцина жеткізілсе, ата-аналардың жазбаша рұқсатымен ғана егіледі
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 23 шілде – Sputnik. Жыл басынан бері екі бала коронавирус инфекциясынан қайтыс болды. Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Ол жыл басынан бері 34 мың бала коронавируспен ауырғанын айтты. 

Стационарлық емде 558 бала жатыр, коронавирус инфекциясы анықталған 13 нәресте бақылауда. 

"Соңғы айда балалар арасында аурушаңдық 4,5 есе өскені байқалады. Республика бойынша төрт бала ауыр хәлде ауруханада жатыр. Олар Ақмола облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, Жамбыл және Қызылорда облыстарында. Жыл басынан бер екі бала көз жұмды: біреуі Солтүстік Қазақстан облысында, екіншісі Нұр-Сұлтанда", - деді Ғиният онлайн баспасөз мәслихатында. 

Бұған дейін Қазақстанда балаларға вакцина салу жоспарланып отырғаны хабарланған болатын. 

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі кезде тек ересек адамдар ғана вакцина салдыра алатынын жеткізді. Алайда ата-аналардың көбісі өтініш жасап, өз балаларын вакциналауды сұрап жатыр. Бірақ әзірше Қазақстанда балаларға салатын вакцина жоқ.

Министрдің айтуынша, балаларға да вакцина ерікті түрде салынады. Ондай вакцина жеткізілсе, ата-аналардың жазбаша рұқсатымен ғана егіледі.