АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Желіде қазақстандық оқушылар 1 қыркүйектен бастап қашықтан білім алады деген ақпарат пайда болды.
"Бірінші тоқсан шалғайдағы шағын жинақталған ауыл мектептерін қоспағанда, еліміздің барлық мектебінде 1-11 сыныптарда қашықтан басталады. Бұл туралы онлайн-брифинг барысында білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлады", - деп жазды Facebook желісінің Gulnara Astana есімді қолданушысы.
Білім және ғылым министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл жалған ақпарат. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов брифингте мұндай мәлімдеме жасаған жоқ", - деп жазды министрліктің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.
Айта кетері, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында пандемия оқушылардың білім сапасына кері әсерін тигізгенін айтқан болатын. Ол бұдан шығудың жалғыз жолы – бұрынғы оқыту форматына көшу екенін атап өтті. Үкіметке оқушылар мен студенттердің жаңа оқу жылында дәстүрлі оқыту форматына оралуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Білім министрлігінің басшысы егер халықтың көп бөлігі коронавирусқа қарсы вакцина салдырса, жаңа оқу жылында оқу орындарын ашуға болатынын айтты.