Өңірлер

Қарағандыда ер адам бұрынғы әйелі мен қызын ұрлап кетті

Қарағанды полициясы өзінің бұрынғы әйелі мен қызын ұрлап әкеткен қарағандылыққа қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде — Sputnik. Қарағанды облысының Балқаш қаласында ер адам бұрынғы әйелі мен кәмелет жасына толмаған қызын ұрлап кеткен. Күдіктінің сөзіне қарағанда ол қызын жиі көру үшін осындай қылмысқа барған.

Балқаштағы полиция бөліміне әйел мен баланың ұрланғанын 67 жастағы жергілікті тұрғын хабарлаған, деп жазды Polisia.kz.

Ер адам жиенін балабақшадан алып келу үшін үйден шығып кеткен қызы қайта оралмағанын айтқан. Әйел мен қыз баланың жоғалып кетуіне қатысты іспен арнайы жедел тергеу тобы айналысты.

Хабарлама келіп түскен соң полицейлер бірнеше болжамды нұсқаны пысықтап, соның ішінде адам ұрлығын әйелдің бұрынғы күйеуі жасауы мүмкін екенін де ескерген. Мұны мән-жайды анықтау барысында әйел мен кішкентай қыз баланы көлікке отырғызып, белгісіз бағытта жасырынған ер адамның қылмысына куә болған балабақша қызметкерлері де растады.

Қостанайда ер адам бұрынғы әйелін пышақтап өлтірді

Осы оқиғадан біраз бұрын ерлі-зайыптының ажырасқаны және әйелдің Қарағандыдан Балқаштағы туыстарына кетіп қалғаны анықталды. Алайда ер адам бұл шешімге келіспеген. Себебі ол қызымен жиі көріскісі келген.

Балқаштан осы жайында ақпарат алғаннан кейін Қарағанды полиция департаменті криминалды полиция басқармасының қызметкерлері күдікті баруы мүмкін орындардың барлығын тексеріп шыққан. Осылайша әйел мен қыз бала облыс орталығындағы жеке үйлердің бірінен табылған. Адам ұрлаған күдікті де дәл осы жерде ұсталды.

Ер адам бұрынғы жұбайының басқа қалаға көшіп кетуі оның қызымен кездесуіне кедергі болады деп шешіп, оларды Қарағандыға қайтармақ болыпты. Ұсталған азамат мұндай мәселелер азаматтық-құқықтық қарым-қатынас аясында сот тәртібімен шешілетіні жайында ойланбаған.

Қазіргі уақытта өңірдегі полиция қызметкерлері Қазақстан Қылмыстық кодексінің 126 бабы - "Заңсыз бас бостандығынан айыру" бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Аталған бапқа сәйкес ер адам бес жылға дейін сотталуы мүмкін.