НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде — Sputnik. Әлеуметтік желіде COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған балаларды мектепке кіргізбейтіні туралы ақпарат тарады. Stopfake.kz порталы бұл жалған мәлімет екенін хабарлады.
Хабарламада автор денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне сүйенеді. Осы жылдың 19 шілдесінде министр Қазақстанға Pfizer/BioNTech өндірген COVID-19-ға қарсы вакцинаны жеткізу жоспары жайлы баяндаған болатын. Бүгінгі таңда бұл препарат клиникалық сынақтардан өтіп, 12 жастан асқан жасөспірімдерді вакциналау үшін мақұлданған.
"Алайда бұл біздің елімізде 12 жастан асқан оқушыларға вакциналау міндетті болады және онсыз балалар мектепке бара алмай, кемсітіледі дегенді білдірмейді. Алексей Цой мұндай мәлімдеме жасаған жоқ", - делінген хабарламада.
Біріншіден, Pfizer/BioNTech вакцинасының алғашқы партиясы осы жылдың қазан айында, яғни оқу жылы басталғаннан кейін әкелінуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: ДДСҰ балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салуға болатынын айтты
Екіншіден, денсаулық сақтау министрінің өзі хабарлағандай, балаларды COVID-19-ға қарсы вакциналау тек ерікті түрде ғана жүргізіледі және кәмелетке толмағандар ата-аналарының келісімімен ғана егіледі.
Демек екпе салдырмаған балаларды білім алуға конституциялық құқығынан айырады деген қауесет негізсіз және шындыққа жанаспайды. Қазақстандық оқушылар вакциналау мәртебесіне қарамастан білім алады.