Қоғам

Министрлік ана мен балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақы туралы айтты

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында 114 мыңнан аса әйел жалпы сомасы 57,3 миллиард теңге біржолғы төлем алды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 21 шілде – Sputnik. Жыл басынан бері ана мен баланы қолдау мақсатында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 130,4 млрд теңге әлеуметтік төлем төленді, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Ведомствоның ақпаратынша, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда МӘСҚ-тан берілетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге төленеді. Ол үшін жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы қажет.

Осы жылдың І жартыжылдығында 114 633 ана жалпы сомасы 57,3 миллиард теңге біржолғы төлем алды. Төлем мөлшері соңғы 12 айда МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.

Сондай-ақ биыл І жартыжылдықта 459 217 адамға бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты 73,1 миллиард теңге ай сайынғы әлеуметтік төлемдер төленді. Оның мөлшері соңғы екі жыл ішінде МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40%-ін құрайды. Төлемнің ең жоғары мөлшері – ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40%-інен аспайды, яғни 2021 жылы – 119 мың теңге.

Тағы оқыңыз: Жамбылда көпбалалы әкелер 14 миллион теңге заңсыз жәрдемақы алып келген

Министрлік жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарнасы ұсталатынын және алушының зейнетақы қорындағы шотына аударылатынын ескертті.

Бүгінде МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер проактивті форматта да тағайындалады. Мұндай жағдайда әйелдің ұялы телефонына төлемдерді рәсімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, соған келісім беру қажет.

Сондай-ақ баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін, электронды цифрлық қолтаңба болған жағдайда, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемді электрондық үкімет порталы арқылы рәсімдеуге болады.

Бұл ретте адамдар тұрғылықты жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының бөлімшелері арқылы да өтініш бере алады.