Қоғам

"Барша жұртты береке-бірлікке үндейді": Тоқаев Құрбан айт мейрамымен құттықтады

Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады, деді мемлекет басшысы
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 20 шілде — Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұсылман жамағатын Құрбан айт мейрамымен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

"Сіздерді күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қайырымдылық пен жанашырлық, ізгілік пен имандылық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейтін ұлық мейрам. Салт-дәстүрімізбен берік ұштасқан ата дініміз – елдің рухани тұтастығын сақтауға ықпал ететін басты құндылықтың бірі", - деді президент.

Оның айтуынша, Құрбан айт қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады.  

"Мұсылман баласы бұл күндері отбасы амандығы мен ел тыныштығы үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмектеседі, мұқтаж жандарға қамқорлық танытады. Осындай ізгі ниет пен сауапты іс ел-жұрттың бір-бірімен етене араласуына, өзара сыйластық пен жақсылыққа жол ашады. Құрбан айттың ұлағаты мен өнегесі біздің рухани құндылықтарымызбен үндеседі. Бүгінгі мерекенің мән-маңызы осында деп білемін. Шалған құрбандықтарыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!", - деп құттықтады Тоқаев.

Биыл Құрбан айттың бірінші күні 20 шілдеге түсіп тұр. Бұл күні қазақстандықтар демалады. Мейрам үш күнге созылады.