Денсаулық

COVID-19: президент ІІМ жанынан ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырды

Мемлекет басшысы елде коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық ахуал нашарлап бара жатқанын айтқан болатын
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Президент Ішкі істер министрлігі жанынан ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырды.

"ІІМ жанынан ведомствоаралық арнайы топ құруды тапсырамын. Ол қоғамдық ұйымдар, халықтан түскен ақпаратты өңдеп, үйлестіретін болады", - деді президент коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте.

Мемлекет басшысы иммунизация процесін баяулатып тұрған маңызды мәселе - жалған вакцина паспорты екенін ерекше атап өтті. Мұны дер кезінде тоқтату маңызды. Жұмыс басталды, жалғастыру керек, деп толықтырды ол.

"Кейбір өңірлерде вакцина сақтаудың температуралық режимі бұзылған. Бұл оның тиімділігін азайтты", - деді Тоқаев.

Ол вакцинаны сақтау мен тасымалдау ісін жан-жақты пысықтауды тапсырды.

"Коронавирустың жаңа толқыны ең жойқын болып отыр. Соңғы күндері жүздеген азаматымыздан айырылып қалдық. Әр өңірде ауруханаға түскен науқастардың саны күрт көбейді. Жансақтау бөлімдерінің барлығы іске қосылды. Қосымша дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық сатып алынды", - деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдік медицина жақын арада вирустан қорғанудың вакцинадан басқа  жолын ұсына алмайды.