НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 21 шілдеден бастап жұмыс уақытын қысқартады. Әуежайда ұшу-қону жолағы мен жарықпен ескерту жабдығының жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды әуежайдың баспасөз қызметі.
"Ұшу-қону жолағы және жарықпен ескерту жабдығының жоспарлы ағымдағы жөндеуіне байланысты 21 шілдеден 9 тамызға дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында рейстердің ұшу және келу кестесі өзгереді. Әуежайдың жұмыс уақыты тәулігіне 24 сағаттан 17 сағатқа дейін қысқарады", - делінген хабарламада.
Жөндеу жұмыстары күн сайын жөндеу аяқталғанға дейін күндізгі 11-ден кешкі 18-ге дейін жүргізіледі. Жұмыстар 1 сәуірден барлық әуе компаниясымен алдын ала келісілген болатын, сол себепті олар да рейстердің кестесін өзгертті.
Ведомство барлық жолаушыдан әуежайға тіркеуге ертерек келуді және әуе компаниялардың колл-орталықтарынан рейстердің ұшу уақытын нақтылауды сұрады.
Бұған дейін Өскемен және Үржар әуежайлары жоспарлы жөндеуге жабылған болатын.