АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген отандасы Рухия Байдүкенованы "Славян базары" байқауындағы жеңісімен құттықтады.
"Жарадың, алтын қарындасым! Жеңісті күндерің көп болғай! Алла қаласа, сен үлкен жұлдыз боласың! Бүгін сен "Славян базарында" халқыңның мәртебесін асқақтаттың, жюри мүшесі болып отырған менің де мерейімді үстем еттің. Нағыз шынайы өнерге қызмет етіп, бәрімізді осылай қуантып, алға баса бер!", - деп жазды Димаш Құдайберген.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген халықаралық байқаудың қазылар алқасының мүшесі болды. Байқаудың алғашқы күнінде Қазақстаннан келген қатысушыға басқа қазылар секілді жоғары балл қойды.
Димаштың жанкүйерлері ол Рухия Байдүкенованың орындауын ыждахатпен тыңдап, әр нотасын сезініп отырғанын байқаған.
Айта кетейік, Рухия Байдүкенова "Славян базары" байқауының бас жүлдесін ұтып алды. ХХХ халықаралық өнер фестивалінің жабылу салтанатында награданы қазылар алқасының төрағасы Анатолий Ярмоленко табыстады.
2014 жылы ол "Жас қанат" республикалық жас орындаушылар байқауының финалисі атанды, ал 2015 жылы "Еуразия жұлдыздары" және "Астана даусы" халықаралық байқауларында бірінші орын алды. Рухияның дауыс диапазоны бес октавадан тұрады.