Әлем

"Туыстары да көп нәрсені білмейді": белгілі әншінің жағдайы нашарлағаны рас па

Ресейлік әртіс бір айдан астам уақыт бойы ауруханада жатыр. Ол коронавирус жұқтырып, сырқаты асқынып кеткен еді
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 18 шілде — Sputnik. МакSим (Марина Абросимова) директоры Маргарита Соколова әншінің жағдайы нашарлады деген сыбысқа қатысты түсініктеме берді.

"Мен мұндай ақпаратты кім жайғанын білмеймін. Туыстарының келісімінсіз бұл мәліметті жариялауға болмайды. Демалыс күндері болғандықтан, туыстары да көп нәрсені білмейді. Емдеп жатқан дәрігерлер де демалыста. Ал барлық ақпаратты солардан аламыз. Дүйсенбіге дейін хабар болмайды", - деп жазды Соколова  Instagram-да.

Ол жұрттан түсіністік пен сабыр танытуды сұрады.

"Марина дәрігерлер бақылауында. Оған тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Әншінің жағдайына байланысты тек емдеп жатқан дәрігері ғана ақпарат бере алады", - деді директор.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында МакSим-нің оң жақ өкпесінің жұмысы тоқтап қалып, жағдайы нашарлады деген ақпарат шыққан еді.

Әнші бір ай бойы өз күшімен тыныс ала алмай жатыр. Асқынуға байланысты жасанды тыныс алдырту аппараты көмектеспей жатқаны айтылды.