Өңірлер

"Істемегендері жоқ": Қаза болған полицейдің әйелі 8 ай бойы қорлық көргенін айтты

Құзырлы органдар тергеуді шала жүргізіп, күдікті бірден бостандыққа жіберілді, деп мәлімдеді келіншек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Ақмола облысында былтыр қараша айында жол апатынан қаза болған учаскелік полицей Мәди Қадыровтың әйелі 8 ай бойы қорлық көріп келгенін мәлімдеді, деп хабарлады "Астана" арнасы.

3 баламен жесір қалған Меруерт жолдасы 10 жылдан астам қызмет істеген полиция учаскесінен ешқандай қолдау көрмедім дейді. Керісінше оған жиі қоқан-лоққы көрсетіп, жәбірлегенін айтады. "Ал қайтыс болғаннан кейін мені шақырып, қысым жасады" деп отыр.

"Кадр бастығы мені шақырып алып, видеоға түсіріп, істемегендері жоқ. Сенің жолдасың сол күні мас болған, әріптестерінің бәрі көрген. Маған ақша ұсынып, осы істі жылы жауып қояйық, жүк көлігінде болған 8 тонна тауарды мойныңа іліп қоймағанына рахмет айт, осылай іс жабылғанына қуан деді", - дейді марқұмның жұбайы Меруерт Қадырова.  

Сараптамалық зерттеу нәтижесінде қаза тапқан Мәдидің қанында этиль спирті анықталмаған. Сол түні ол қызмет көлігінің орнына өзінің жеке көлігімен шақыртуға кетіпті. Себебі жұмыс орнынан берген көліктің қысқы дөңгелегі болмай, жөндеуде тұрған. Ауылға 500 метр қалған жерде инспекторды 31 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі келіп соққан. Алайда құзырлы органдағылар марқұм қызмет бабымен қаза таппады деп отыр. Оқиғаға дәлелді айғақ болатын марқұмның жеке заттарын жұбайына бермеген.

"Жолдасымның ұялы телефонын көрсеткен де жоқ. Түсіме кіре бергесін формасын 5 айдан кейін мәйітханадан таптым", - деп атап өтті Меруерт Қадырова.  

Мәдидің жол апаты кезінде  қызметтік формада болғанына дәлелдейтін видео бар дейді Меруерт. Бірақ мұның тергеуде неліктен ескерілмей отырғанын түсінбейді. Марқұмның әкесі тергеу ісіне күдікпен қарайтынын айтты. Оның пікірінше құзырлылар кінәліні ақтап алып жатыр. Олар тіпті оқиға болғаннан кейін дәлелдерді суытуға тырысқан көрінеді.

"Ташетов түсініктемесінде 102-ге қоңырау шалдым дейді. Ал 102-де ол тіркелмеген. Бұлар тойға барғандай сағат 6-да бір-ақ барады. Жедел жәрдемі бар, өрт сөндірушісі бар, барлығы бірге барады. Соғылғанын алдын ала білген, әдейі уақыт өткізген", - деп болжап отыр марқұмның әкесі Қайреш Қадыров.

Полиция қызметкерлері марқұмның әйелімен бірде-бір рет оқиға бойынша тілдеспепті, оның орнына ескертусіз 11 жастағы қызына қоңырау шалып, сұрақтар қойған.  Бұл әрекет баланың жүйкесіне ауыр тиді, онымен қоса тергеу тек біржақты жүріп жатыр. Жол апаты болған жердегі фотосурет пен сызба бір-біріне сай келмейді дейді жәбірленуші тарап.    

"Қызметтік тергеу нәтижесі бойынша Қадыровтың өлімі қызметтік міндетін атқарумен байланысты емес, қызметтен тыс уақытта болғаны анықталды. Қандай да бір шақыру туралы мәліметтер расталмады.Сот-медициналық сараптама нәтижесіне сәйкес Қадыровтың қанында алкоголь табылған жоқ", - деп түсіндірді Ақмола облыстық полиция департаменті.

Марқұмның жұбайы тергеудің кейбір нәтижелерімен мүлдем келіспейді. Оның айтуынша Ақмола облыстық полиция басшылығы істі бұрмалап, күдіктіні ақтап алып, барлық кінәні жолдасына жабуда.                       

"РУВД-ның басшысы жолдасымды шақырып алып, басқа ауданға ауысқың келмесе, жұмыстан шыққың келмесе, биыл соғымдыққа 1 жылқы әкеп бересің деген. Жолдасым не істерін білмей, банктен 600 мың кредит алады. Сол күні қалтасында 600 мың ақша болған. Ақшасы да, басқа заттары да жоқ", - дейді жұбайы.

Әділдік іздеп елордаға келген марқұмның жақындары президентке хат жолдапты. Жол апатынан кейін көлік жүргізу құқығы да шектелмеген күдікті тиісті жазасын алса дейді.