Өңірлер

Арыста шенеунік 160 млн теңге әлеуметтік көмекті туыстарына таратып берген

Қазіргі уақытта бюджеттік қаражатты жымқыру ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары ұсталды, деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті.

Департаменттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, шенеунік үш жыл ішінде мемлекетке 160 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

"Лауазымды тұлға бір топ адаммен бірге 2018-2021 жылдар аралығында бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып отыр. Ол мемлекет қаржысын өзінің жақын туыстары мен таныстарының есепшотына аударып отырған. Шенеуніктің іс-әрекеті салдарынан мемлекетке 160 миллион теңгеден астам шығын келген", - деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары.  

Жымқырылған қаражат Арыс қаласында тұратын тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек төлеуге және кей санаттағы азаматтарды пандемия, төтенше жағдай мен шектеу шаралары кезінде азық-түлік, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге бөлінген.

Қазіргі уақытта бюджеттік қаражатты жымқыру ісі бойынша тергеу жалғасып жатыр.