Әлем

Германияда су тасқынынан көз жұмғандардың саны 133 адамға жетті

Германияның батысында бұрын-соңды болмаған су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны артып жатыр
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 17 шілде – Sputnik. Германия полициясының өкілі елдің екі аймағында – Рейнланд-Пфальцта және Солтүстік Рейн-Вестфалияда нөсер жауын салдарынан құрбан болғандардың саны 133 адамға жеткенін хабарлады. Бұған дейін 80 адам қаза тапқаны айтылған болатын.

Неміс полициясы Германияның батысындағы су тасқыны құрбандарының санын жариялады, деп хабарлады РИА Новости жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, Рейнланд-Пфальц жерінде табиғи апаттан қазірдің өзінде 90 тұрғын, ал Солтүстік Рейн-Вестфалияда 43 адам қаза болды.

Кельнге жақын орналасқан Эрфтштадт қаласында да жағдай едәуір нашарлаған. Мұнда толассыз жауған жаңбыр мен одан кейінгі су тасқыны бірнеше үйдің қирауына себеп болды.

Табиғи апат аймақтарындағы жағдай өте қиын, қаза тапқандар саны одан әрі артуы мүмкін.

Германиядағы су тасқыны

Германияда "Бернд" циклонының әсерінен 12 шілдеде нөсер жаңбыр басталды. Батыс және оңтүстік-батыс аймақтардағы өзендер, оның ішінде Рейн арнасынан асып, көшелерді су басып жатыр.

Жолдарды су шайып, көпірлер қирады, кейбір елді мекендерге жету мүмкін емес. Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы бес ауданда эвакуация жүріп жатыр, өйткені бөгет бұзылуы мүмкін. Рейн-Эрфт округінде төтенше жағдай режимі жарияланды.

Арвайлер округінің көп бөлігінде электр жарығы мен телефон байланысы жоқ. Жергілікті билік су тасқыны салдарынан 1,3 мыңға жуық адам жоғалып кеткенін мәлімдеді.

Жойқын су тасқынынан Бельгия мен Нидерланды да зардап шекті.