Қоғам

Қазақстанға бір дозалы "Спутник Лайт" вакцинасы жеткізіледі

Кейбір азаматтар екпені екі рет салғызғысы келмесе, бір компонентті "Спутник Лайтты" салдыра алады, деді Байтанаев
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Қазақстан бір компонентті "Спутник Лайт" вакцинасын жеткізу бойынша Ресеймен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

15 шілде Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы ресейлік бір компонентті "Спутник лайт" вакцинасын тіркегені туралы хабарланды.

"Бұл бір дозалы вакцина. Біздің елге жеткізгеннен кейін оны кез келген азамат салдыруға құқылы. Вакцинаның тиімділігі 80 процентке жақындайды. Ең бастысы бір дозалы. Кейбір азаматтар екпені екі рет салғызғысы келмесе, осы "Спутник Лайтты" салдыра алады", - деді Байтанаев брифингте.

Ол қазір денсаулық сақтау министрлігі вакцинаны елге алып келу бойынша келісімшарт жүргізіп жатқанын атап өтті. Ведомство кейін қосымша ақпарат таратады.

Байтанаевтың айтуынша, вакцинаның айтарлықтай теріс әсері жоқ. Бүкіл препарат сияқты екпе алған адамның дене қызуы көтеріліп, ине салған жер ауырсынуы мүмкін, әлсіздік пайда болады.