НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтан қаласында күзде жеті елді мекен, оның ішінде Оңтүстік-Шығыс (Юго-Восток) елді мекені толықтай газбен қамтылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
"Сыртқы желілер тартылғаннан кейін тұрғындар оны үй ішіне жүргізіп, қажетті жабдықтарды сатып алуы керек. Осыдан кейін көмір сатып алу, оны сақтау, сапасы секілді проблемаларды ойлаудың қажеті болмайды", - деп жазды елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында.
Әкім қаланы аралау барысында Оңтүстік-Шығыс елді мекенін газдандыру барысымен танысты.
8-ші іске қосу кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмысы 95%-ға аяқталған. Нәтижесінде 90 километр газ тарату желісі салынды. Бұл аумаққа Промышленный, Оңтүстік-Шығыс (сол жағы), Оңтүстік-Шығыс елді мекенінің оң жағының бір бөлігі кіреді. Қазіргі уақытта газ құбырын сынау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар 9-шы іске қосу кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл – Оңтүстік-Шығыстың негізгі аумағы (оң жағы). Онда 90 километр газ тарату желісінің 65 шақырымы салынды. Осылайша алдағы жылыту маусымында Оңтүстік-Шығыс тұрғындары газға қосыла алады. Бұл шамамен 4 мың үй.
150-ге жуық үй орналасқан "Қазақауыл" (Қараөткел) шағын ауданын газдандыруға қатысты жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
"Өткен айда Көктал-1 газбен қамтамасыз етілді. Бұл елді мекеннің өзінде тағы 2600 үй газға қол жеткізді. Енді тұрғындар желіні үйінің ішіне өткізуі керек", - деп толықтырды Көлгінов.
Сонымен қатар Агроқалашық (2020 жылы газға қосылмаған бөлігі), Промышленный елді мекендерінде газ тарату желілерін салу жалғасын табады. Сондай-ақ, "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Аталған елді мекендердің тұрғындары жаңа жылыту маусымында газға қосыла алады.
Өткен жылыту маусымында Теміржолшылар, Көктал-2, Агроқалашықтың (бір бөлігі) тұрғындары газға қосылды. 345 километр кварталішілік желі салынды.
Биыл барлығы 317 километр газ тарату желісі салынады, оның 220 шақырымнан астамы салынды.