Қоғам

"Еңбек" бағдарламасы бойынша 141,5 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды

Мемлекеттік бағдарламаға жалпы 347,4 мың адам қатысты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 16 шілде – Sputnik. 2021 жылдың 6 айында "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына 347 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

"1 шілдедегі жағдай бойынша 347,4 мың адам нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. 253,6 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 141,5 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды", - делінген хабарламада.

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 12 мың адам жіберілді.

3,6 мыңнан астам адам өз ісін ашу үшін жеңілдікті микрокредиттер, ал 15 мыңы қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 126,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына 15,3 мың адам; жастар практикасына – 11,3 мың адам; қоғамдық жұмыстарға – 100,1 мың адам.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 967 отбасы немесе 3 102 адам қоныс аударды, оның ішінде 1 346 адам еңбекке қабілетті жаста болып табылады.

Оқи отырыңыз: Жұмыссыз қалған 70 мыңнан астам адам әлеуметтік төлем алды

Оның ішінде 906 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмысқа орналастырылды және 60 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ал ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылды. Бұдан басқа, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден құрамында 5,8 мың адам бар 1,8 мың отбасы қоныс аударды.