Қоғам

Qurban2021.kz сайты іске қосылды

Qurban2021.kz сайты арқылы республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады
Sputnik

АЛМАТЫ, 15 шілде – Sputnik. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар тапсырыс беріп, мұқтаж жандар құрбандық етін алуға өтініш бере алатын qurban2021.kz сайты 15 шілдеде іске қосылады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Биыл 20 шілде күні республика аумағында таңғы сағат 07.00-де қатаң санитарлық талаптарды сақтап, аймақтарда 10 минуттық Құрбан айт намазы оқылады. Дегенмен "қызыл" аймақта Құрбан айт намазын оқу жергілікті мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады", - деді Бас мүфти.

Соған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағаттан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, айт намазы аяқталған сәтте мешіт ауласында ұзақ болмауды сұрады.

Сонымен қатар qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылды. Сайт 22 шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыс бере алады.

"Qurban2021.kz сайты арқылы республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтінішін қабылдау, сараптау және құрбандық етін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ал ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын адамдарға құрбан шалуға қатысты ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу қойылмаған.

Биыл барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, 2021 жылы құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады:

  • мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтап, "сары" және "жасыл" аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу.
  • еліміздің "қызыл" аймақтарында пандемия жағдайында құрбан шалушыға қолайлы жағдай жасау және көмекке мұқтаж жандарды қолдау мақсатында былтырғы тәжірибені қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы "өкілдік" қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру.

Сонымен қатар коронавирустың таралуы бойынша "сары" және "жасыл" аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарға Ashyq қосымшасы енгізіледі.

Жүйеде "қызыл" және "сары" мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, "көк" және "жасыл" статустағылар ғана кіре алады.