Қоғам

Карантин кезіндегі айт намазы: қандай шектеулер енгізілді

Карантинге байланысты мешіттерде Құрбан айт намазы оқылмайды, қазақстандықтарға онлайн құрбандық шалу мүмкіндігі ұсынылады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова Құрбан айт мерекесін өткізу ережелері туралы қаулы шығарды.

"Құрбан айт" мерекесіне арналған бұқаралық іс-шараларды өткізуге және қатысуға, оның ішінде үйде де өткізуге тыйым салынады. 

Мешіттер аумағында ашық ауада өткізілетін шараларды қоса алғанда, бұқаралық шараларды, оның ішінде "Айт намазы" ұжымдық намазын өткізуге рұқсат етілмейді.

Оқи отырыңыз: 4 өңірде карантин күшейтіледі – комиссия шешім қабылдады

Құрбандық шалу рәсімін онлайн режимінде qurban2021.kz сайты арқылы тапсырыс беруге болады. Рәсім күшейтілген санитарлық-профилактикалық шараларды сақтай отырып, адамдардың жаппай жиналуын болдырмай, міндетті түрде бетперде кию мен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, арнайы бөлінген орындарда ұйымдастырылады. 

"Нұр-Сұлтан қаласының ішкі саясат басқармасы қоғам мен мемлекеттің, адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қабылданатын шешімдердің маңыздылығы мен өмірлік қажеттілігін түсіндіру, қабылданатын шаралар туралы бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде ақпараттық сүйемелдеу жүргізуді қамтамасыз етсін", - делінген бас санитардың қаулысында. 

Бұдан бұрын коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 4 өңірде карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылдаған болатын.