Қоғам

Жыл басынан бері 9 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

1991 жылдан бері елге бір миллионнан астам этникалық қазақ оралды. 2020 жылы Қазақстанда "оралман" термині "қандас" сөзіне алмастырылды
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Жыл басынан бері 9 мыңға жуық этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік ақпаратынша, 2021 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 8 867 адам тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды.

Оның ішінде Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы Өзбекстаннан (75,5%), 10,4%-і Қытай халық республикасынан, 7%-і Түрікменстаннан, 2,5%-і Моңғолиядан және 4,5%-і басқа елдерден келген.
Этникалық қазақтар негізінен Алматы (29,9%), Түркістан (14,5%), Маңғыстау (18,7%) және Жамбыл (8,0%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,7%) қаласына қоныстанды.

"Оның ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,5%-ті, еңбекке қабілетті жастан кішілер 25,3%-ті және зейнеткерлер 19,2%-ті құрайды", - делінген ақпаратта.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінде 10,9%-інің білімі жоғары, 39,3%-і орта кәсіби және 45,9%-інің жалпы орта білімі бар. 3,9%-інің білімі жоқ.

Айта кетейік, 1991 жылдан бері елге 1 миллион 79,2 мың этникалық қазақ оралған. 2020 жылы Қазақстанда "оралман" термині "қандас" сөзіне алмастырылды.