Қоғам

Мәдениет министрлігі Қастеев мұражайы төңірегіндегі дауға түсініктеме берді

Бұл мұражай республикалық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет ескерткіші қатарына жатады
Sputnik

АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді. Бұған дейін мұражайға іргелес тұрған Central Esentai Resedence тұрғын үй кешені тұрғындарының шағымынан кейін нысанның салқындату және ауа айналу жүйесінен шығатын дыбыс рұқсат етілген нормадан асатыны анықталып, айыппұл салынған болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Бұл мұражай республикалық маңызы бар қала құрылысы мен сәулет ескерткіші қатарына жатады. 1983 жылдан бастап мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне кіреді.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы заңнамада дәл осындай тарихи-мәдени ескерткіш аумағында құрылыс жұмысын жүргізуге қатысты шектеу бар.

"Заңда қалалар мен басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және реконструкциялау жобасы, тарихи және мәдени ескерткіштер орналасқан жерді пайдалану картасы уәкілетті органмен келісілуі керек екені көрсетілген. Алайда мұражайдың аумағына осы көп қабатты тұрғын үй кешенін салуға министрлік келісім берген жоқ", - деп хабарлады мәдениет министрлігі.

Сондай-ақ министрлік мұражайдың салқындату жүйесі мұражайдың өзі құрылған сәттен бастап, яғни 1976 жылы жүргізілгенін айтты.

Бұл ғимараттың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесі, ал ғимараттың сыртында тұрған қазіргі тоңазытқыштар 2008 жылы орнатылған. Олар штаттық режимде жұмыс істейді. Жыл сайын профилактикалық қызмет көрсетуден өтеді және өндірушінің сипаттамаларына сай келеді.

Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылдың 7 желтоқсанындағы №372 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы музей қорының музей заттарын есепке алу, сақтау, пайдалану және есептен шығару нұсқаулығына сәйкес, музей заттарын кешенді сақтау кезінде ауа температурасы +18о ± 1° Цельсий болуы керек.

Оқи отырыңыз: Сарапшылар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жайлы: "Сапасы сын көтермейді"

"Яғни, музейдің салқындату және кондиционерлеу жүйесі ұлттық мәдени мұраны сақтаудың кепілі және кез келген музейдің сапалы жұмысын қамтамасыз етудің міндетті бөлігі", - делінген ақпаратта.

Осылайша мұражай мен Central Esentai Resedence тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізген тарап келіссөз жүргізді. Соның нәтижесі бойынша құрылыс жүргізген тарап бұл жағдайды реттейтінін жеткізіп, уағдаластыққа қол жеткізді.

Бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында болады.

Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысына сәйкес, музейдің салқындату және ауа айналу жүйесінен шығатын дыбыс рұқсат етілген нормадан асатыны анықталып, мұражайға 230 АЕК (670 мың теңге) айыппұл салынды. Ал бұл олқылықтың орнын толтыруға 30 күн берілді. Қазірге дейін мұражай басшылығы айыппұлдың 50%-ін төлеген.