АЛМАТЫ, 14 шілде – Sputnik. Қарағандыда екі бала мысықты тоғызыншы қабаттан лақтырып жіберді, деп хабарлады "5 арна". Олардың әрекеті подъезде орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Оқиға 12 шілдеде Ержанов көшесінде болған.
"Оларды табуға көмектесіңіздер, арамызда қандай құбыжықтар бар екенін бәрі біліп, көрсін. Бүгін мысықты лақтырды, ертең баланы лақтырады. Подъездегі бейнебақылау камерасының видеосы бар. Ол балалардың ата-анасы жазалануы керек", - деді жергілікті тұрғын журналистерге.
"Новый вестник" басылымы мысықты сол маңнан өтіп бара жатқан адамның ветеринарлық емханаға апарғанын анықтады. Мамандар жануардың ауыр халде екенін хабарлады. Мысықтың ішіндегі баласы өліп қалған.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 9 және 10 жастағы екі баланы анықтады.
Балалардың ата-анасына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабының 1-бөлігі (кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және (немесе) оларға білім беру, олардың құқығын және мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамауы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Балалардың ата-анасы мысықты емдеу үшін барлық шығынды төлеуге уәде берген.
Мысықтың иесі де анықталды, ол қаланың 37 жастағы тұрғыны болып шықты.