НҰР-СҰЛТАН, 14 шілде — Sputnik. Жамбыл облысында 27 көпбалалы әке екі жыл бойы заңсыз түрде әлеуметтік жәрдемақы алып келген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған ақпарат бойынша ер адамдар әлеуметтік төлем алуға арналған өтінімде балаларды өздерімен бірге тұрады деп көрсеткен. Алайда сот шешімі бойынша ол балалар аналарымен бірге тұратыны анықталды, деп хабарлайды 24.kz.
Мамандар соңғы екі жылдағы мәліметтерді тексерді. Осы уақыт ішінде жамбылдық әкелерге 14 миллион теңгеден астам жәрдемақы төленген. Енді олар төленген соманы ерікті түрде мемлекет қазынасына қайтаруға міндетті. Әзірше республикалық бюджетке небәрі 150 мың теңге түскен.
"Стандарт бойынша әлеуметтік жәрдемақы алуға арналған өтінішке сот шешімін қоса ұсыну талап етілмеуі осындай заңбұзушылыққа баруға түрткі болған. Егер сот шешімі талап етілсе, мұндайға жол берілмес еді. Регламент стандартына сәйкес өзгерістер енгізу үшін министрлікке сәйкес ұсыныс жолданды", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.
Сонымен қатар жәрдемақы алу үшін өздерімен бірге тұратын бала санын ай сайын ұлғайтып көрсеткен 18 ер адамды анықтады. Жалған ақпарат олар ұсынған өтініштен анықталды. Осы тектес тексеру әлеуметтік төлем алатын тағы 38 тұлға бойынша жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз: Еңбек министрлігі орташа зейнетақы мөлшерін жариялады