Видео

Сириядағы қазақстандықтарды елге қайтару кезінде қандай қиындықтар болды – видео

Сирияда қақтығыс аймағындағы қазақстандықтарды елге қайтару үшін жүзеге асырылған "Жусан" арнайы операциясы негізінде түсірілген "Рақымды ұйғарым" деректі фильмі жарық көрді
Sputnik

32 минуттық фильмде ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкері арнайы операцияның қалай басталғанын, дайындық жұмыстары қалай жүргізілгенін баяндайды.

"Операцияны өткізуге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келісім берді. Іске асыру барысында көптеген қиындыққа тап болдық. Оның ішінде ұшу, Сирияда болу, азаматтарды алып келу, оларды іздеу, ұшаққа отырғызу – бәрі күрделі шаруа. Келіссөздер жүргізіп, қалай ұшамыз, қалай барамыз, оларды қалай іздейміз, қалай табамыз, қалай тексереміз деген дайындық шаралары 2018 жылдың жартысынан бастап 2019 жылдың басына дейін жалғасты", - дейді ұлттық қауіпсіздік комитетінің жедел қызметкері.

Сондай-ақ бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары, қазіргі Қазақстанның АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі Ержан Ашықбаев АҚШ-пен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізілгенін, халықаралық және мемекетаралық, сол аймақта гуманитарлық миссиямен жүрген бейресми ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарылғанын айтты.

"Бізге қол ұшын созып, көмектесіп, тіпті өз аумағы арқылы ұшақтарымызға ұшу құқығын беруге кем дегенде 20-дан астам мемлекет пен халықаралық ұйым қатысты", - дейді Ашықбаев.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастапқыда Сирияда қанша қазақстандық бар екенін, олардың қандай жағдайда екенін білмеген. Соны анықтау мақсатында 2018 жылдың қарашасында Сирияға бірінші рет барған. Сапардың мақсаты – Сириядағы қазақстандықтардың санын анықтау, олардың денсаулық жағдайын білу. Себебі соғыс аймағында адамдардың көбі жараланған.

"Емханалар болды, солардың ішін де араладық. Емханалардың іші жантүршігерлік жағдайда. Азаматтарымызды түрме, лагерьлерден іздеп тапқан кезде тізімін жасадық", - дейді ҰҚК қызметкері.

Мамандардың сөзінше, соғыс өршіп тұрған аймаққа барудың өзі оңай болмаған. Алайда аз уақыт ішінде мамандар жедел қызмет атқарып, Қазақстан сол аймақтан өз азаматтарын алып кеткен алғашқы мемлекеттердің бірі болды.

Бейбіт өмірге бейімделді

Фильмде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Жусан" операциясы әр қазақстандықтың өмірі мемлекеттің басты мүддесі екенін көрсеткенін айтты.

"Қазір осы операцияның тәжірибесін басқа елдер де мұқият зерттеп, қарап отыр. Еліміздің Конституциясында ең басты құндылық адам ретінде бекітілгеннен кейін олардың мемлекеттің қорғауында екенін дәлелдеп отырмыз. Алып келу – бір жұмыс, одан кейін мемлекеттік органдардың қоян-қолтық кешенді жұмысы басталды. Біз алып келген адамдар кезінде теріс дін ағымының жетегінде кеткендер, ең басты мақсат – радикалды діни көзқарастан арылту. Сол жүйелі жұмыстың нәтижесінде 95%-і сол сенімнен бас тартып отыр", - деді Балаева.

Сондай-ақ фильмде Сириядан оралған қазақстандықтардың қазіргі өмірі көрсетілген.

"Жусан" арнайы операциясы

"Жусан" арнайы операциясы 2019 жылы басталды. Ол Сириядағы қатығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын елге қайтаруды көздеді. Екі жыл ішінде 5 рет арнайы операция жүргізілді.

Нәтижесінде 607 қазақстандық отанына оралды:

  • 1-кезең – 47 адам: 6 ер адам, 11 әйел, 30 бала;
  • 2-кезең – 231 адам: 16 ер адам, 59 әйел, 156 бала (ішінде 18 жетім бала бар);
  • 3-кезең – 246 адам: 8 ер адам, 67 әйел, 171 бала (ішінде 9 жетім бала бар);
  • 4-кезең – 71 адам: 3 ер адам, 19 әйел, 49 бала (ішінде 5 жетім бала бар);
  • 5-кезең – 12 адам: 4 ер адам, 1 әйел, 7 бала (ішінде 2 жетім бала бар).