Қоғам

Бас мүфти Құрбан айт қарсаңында үндеу жасады

Бас мүфти кәсіпкерлерден азық-түлік пен мал бағасын шарықтатпай, халықтың қалтасы көтеретін бағамен сатуға шақырды
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 13 шілде – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерге үндеу жасады.

Бас мүфти Құрбан айтта орындалатын негізгі ізгі амалдың бірі – құрбан шалу екенін атап өтті. Сол себепті айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға сұраныс артады.

"Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол Құрбан айттың негізгі мәні мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін айтты.

Жаратушы Иеміз Құранда: "Өздерің жақсы көрген нәрсені Алла жолына жұмсамайынша игілікке жетпейсіңдер" ("Әл-Имран" сүресі, 92-аят) деп баяндаған. Сауаптар еселеніп жазылатын сәттерде Алла разылығы үшін елдің жағдайын ескеріп, тауар бағаларына жеңілдік жасап, әр отбасыға қуаныш пен мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысайық, деді бас мүфти үндеуінде.

Тағы оқыңыз: Мүфтият құрбан шалу тәртібін жариялады

Сондай-ақ Тағанұлы ҚМДБ қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету үшін "Қиындықта ел бірге" атты қайырымдылық акциясын бастағанын мәлімдеді. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтіледі.

Бас мүфти қазақстандықтарды осы игі іске үлес қосуға шақырды.

Биыл барша мұсылманның ұлық мерекесі – Құрбан айт 20-22 шілдеге түсіп тұр. Құрбан айттың бірінші күні 20 шілде – демалыс.