Денсаулық

Міндетті вакцинация мерзімі қайта қаралады

19 шілдеге дейін шағын және орта бизнес қызметкерлеріне коронавирустан вакцинация жасау мерзімі қайта қаралады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде — Sputnik. Қазақстанда шағын және орта бизнес нысандары қызметкерлері үшін вакцинация мерзімі қайта қаралады. 

Бүгін премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Вице-премьер мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде келесі міндеттерді жүзеге асыруды жүктеді: 

  • коронавирусқа қарсы іс-қимыл шараларын түбегейлі қайта қарау стратегиясын әзірлеу;
  • ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін шағын және орта бизнес қызметкерлеріне вакциналау жүргізудің нақты мерзімдерін қайта қарау және белгілеу;
  • "Pfizer" компаниясымен келісімге қол қою жөніндегі жұмысты ұйымдастыру және вакцинаны жеткізу туралы келісімшарт жасасуды қамтамасыз ету;
  • ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін міндетті вакциналауға жататын қоғамның тіршілік ету салаларын анықтау;
  • ПТР-тестілеудің бірыңғай базасына ұқсас вакциналаудың цифрлық картасын іске қосу мәселесін пысықтау;
  • ағымдағы жылдың 19 шілдесіне дейін "Ashyq" сияқты цифрлық шешімдерді белсенді пайдалану басымдығымен мобильді мониторингтік топтардың жұмысын қайта форматтау бойынша ұсыныстар енгізу;
  • эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, медицина қызметкерлерін қолдау және ынталандырудың қолданыста болатын қағидаларын әзірлеу және бекіту;
  • жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттерді оқытудың дәстүрлі нысанын қайта бастау кезінде педагогтер мен оқушылардың денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Тоқаев не деді

10 шілде күні үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі вакциналау жұмысының қарқыны әлі де мардымсыз екенін айтты. Ол нақты қадамдар жасау қажет деді. Мемлекет басшысы  антиваксерлердің қауесет, даңғаза әңгімелеріне сенудің қажеті жоқ екенін атап өтті. 

Ол кейбір жекелеген салаларда міндетті түрде вакцина салдыру керек болады деп айтқан еді.

Бұған дейін әділет министрлігі COVID-19-ға қарсы вакцинаны міндеттеудің құқықтық негізін түсіндірген болатын. Ведомствоның ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін Денсаулық туралы кодексте профилактикалық екпелер егу шарасы көзделген.