Денсаулық

Он күнде науқастар саны күрт өсті: Алматыда эпидемиологиялық жағдай қандай

Қалада маусымның үшінші аптасынан бастап қазірге дейін "үнді штамы" салдарынан тәулігіне науқастар саны 600-ден асып жатыр. Соңғы тәулікте 638 адамнан коронавирус анықталды
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Алматыда COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Коронавирустың "дельта" түріне байланысты айтарлықтай өсім байқалады. Бұл туралы қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қалада маусымның үшінші аптасынан бастап қазірге дейін "үнді штамы" салдарынан тәулігіне науқастар саны 600-ден асып жатыр. Соңғы тәулікте 638 адамнан коронавирус анықталды.

"Жыл басынан бері қалада коронавирус 60 мыңнан астам адамнан анықталды. Шілде басталғалы 4 610 адамнан COVID-19 табылды. Ал өткен аптада 3 085 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,4 есе көп", - деді Жандарбек Бекшин.

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, науқастар санының көбеюі қалада 18 маусымнан бастап "дельта" түрінің анықталуымен тікелей байланысты. Бұл штамм әлдеқайда жұқпалы және жиі ауыр клиникалық белгілері бар.

"Зерттеулер коронавирустың түрлері арасында "дельта" штамының үлесі қазірдің өзінде басым екенін көрсетті. Ол 78-80%-ті құрап отыр. Сондай-ақ 16%-і британдық "альфа" штамы, 3%-і COVID-19 инфекциясының Ухань нұсқасы", - деді Бекшин.

Бекшиннің сөзінше, соңғы жеті күнде ауру белгілері бар науқастардың саны 2 есеге өсті. Науқастар арасында 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтар арасындағы сырқаттанушылықтың 3,4%-ке өсуі алаңдаушылық тудырып отыр. Сондай-ақ, коронавирус жұқтырған әрбір төртінші адам – 40-59 жас аралығындағы азаматтар.

Ауруханада науқас саны көбейді

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевың сөзінше, соңғы он күнде қалада ауруханаға түскен науқастар саны 2,5 есе өсті. 12 шілдедегі жағдай бойынша, инфекциялық стационарларда 1 724 адам емделіп жатыр. Науқастар арасында 17 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

"Жалпы реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде науқастардың саны 10 күннің ішінде 50-ден 121-ге дейін, яғни 2,4 есеге көбейді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен Телемедицина орталығы дәрігерлерінің бақылауында 3 255 пациент бар. Ал ауруханалар мен үйде 40 жасқа дейінгі жастар санының күрт өсуі байқалды", - деді Табынбаев.

Айта кетейік, қазір Алматыда коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге 5 060 төсек-орын жасақталған.