Қоғам

Шетелдегі қандастар "Отандастар" грантымен оқуға түсе алады

Өткен жылдан бастап қандастар үшін Назарбаев университетінде Абай атындағы грант белгіленген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде – Sputnik. "Отандастар" қоры жоғары оқу орындарымен бірлесіп, шетелдегі этникалық қазақтарға "Отандастар" грантын беруді жоспарлап отыр. Бұл туралы қордың вице-президенті Мағауия Сарбасов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір "Отандастар" қоры тарапынан еліміздің жоғары оқу орындарымен бірлесіп, "Отандастар" грантын әзірлеудеміз. Бүгінгі таңда Қайнар университеті, Қорқыт ата университетімен гранттар мәселесі пысықталып жатыр", - деді Сарбасов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол өткен жылдан бастап "Отандастар" қорының ұсынуымен қандастар үшін Назарбаев университетінде Абай атындағы грант белгіленгенін атап өтті. Былтыр АҚШ, Канада, Қытай, Өзбекстан мен Моңғолиядан 56 үміткер қатысып, соның 13-і Назарбаев университетіне грант ұтып алған.

Оқи отырыңыз: ҰБТ-2021: Жаңа жүйе көшіруге мүмкіндік бермейді

"Бұл өте үлкен жетістік. Қазір қандас бауырларымыз университет қабырғасында білім алып жатыр", - деді вице-президент.

Айтуынша, бүгінде шетелдегі қандас талапкерлерге 4 процентке дейін мемлекеттік грант бөлінеді.

Соңғы үш жылда дайындық бөлімдеріне 3,5 мың грант бөлініп, 90 пайызы игерілген.

Мемлекеттік квота аясында соңғы бес жылда 3645 этникалық қазақ ҰБТ-дан шекті балл жинап, жоғары оқу орындарына оқуға түсті. Барлық қандас міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі.