Экономика

Индустрия министрлігі Қазақстанда баспана қашан арзандайтынын айтты

Үкімет қыркүйекте тұрғын үй бағасы арзандайды деп болжап отыр. Мемлекеттік органдар қабылдайтын кешенді шаралар нәтижесінде шаршы метр құнын төмендету жоспарланған
Sputnik

АЛМАТЫ, 12 шілде – Sputnik. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспана бағасына қатысты болжам жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

Бірінші вице-министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қазір елдің жылжымайтын мүлік нарығында бағаның тұрақтануы байқалады.

"Қаңтарда жаңа тұрғын үй бағасы 3,8%-ке, екінші нарықтағы баспана бағасы 7,2%-ке өсті. Маусымда екінші нарықтағы үй бағасы 1,2%-ке өссе, жаңа үйлер 0,9%-ке арзандады. Сондай-ақ зейнетақы төлемдерін пайдалануға байланысты тұрғын үйге деген үлкен сұранысқа орай туындаған дүрлікпе қазір тұрақталып жатыр. Маусым-шілдеде бағаның тұрақтануын көріп отырмыз. Жеке болжамыма сай қыркүйекте баға төмендейді", - деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Өскенбаев цемент, арматура, кірпіш, газ-бетон сияқты негізгі құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі бұрын да тіркелгенін, алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты тұрғын үй құны өсіп қана қоймай, кейде төмендегенін атап өтті.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда 2016-2017 жылдары арматура бағасының 2 есе өскеніне (тоннасы 90 мыңнан 192 мыңға дейін өсті) қарамастан, жаңа тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер бар болғаны 4,8%-ке қымбаттаған, бұл инфляциялық дәлізге сәйкес келеді.

Дәл осындай жағдай кірпіш (39%) және цементке қатысты да (11%) болды. Кірпіш бағасы 31-ден 43 теңгеге дейін, цемент 14,5-тен 16,1 мың теңгеге дейін өсті.

Биыл негізгі құрылыс материалдарының құны өсті. Бағаның өсуі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде байқалып отыр. Бұл пандемияға байланысты девальвация және логистика шығындарының шектелуіне байланысты туындаған жағдай.

Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, бұған "кейінге қалдырылған сұраныс" әсер етті. Яғни 2020 жылы салынуға тиіс нысандар бір жылға шегеріліп, соған байланысты биыл құрылыс көлемі ұлғайды.

Айта кетейік, Қазақстанда кейінгі екі жылда тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі артты. 2019 жылдың мамырында инвестиция мөлшері 432 миллиард теңге болса, 2021 жылдың дәл сол кезеңінде оның көлемі 732 миллиард теңгеге жетті.