Денсаулық

Дәрігерлерге төленетін үстемеақы уақытша норма – президент

Мемлекет басшысы үкіметке екі айдың ішінде нақты бір шешім шығаруға тапсырма берді. Әзірше ортақ шешім жоқ
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Эпидемидологиялық жағдай түзелгесін коронавируспен күрес шараларына атсалысып жатқан медицина қызметкерлерінің үстемеақысын жаңа қолдау және ынталандыру шараларымен алмастыру қажет. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Пандемия басталғалы вируспен күрес шараларына қатысып жатқан медицина қызметкерлеріне үлкен үстемеақылар төленіп келеді. Бірақ бұл уақытша норма. Жалпы осы мақсатта 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Осы орайда президент бюджет қаржысын басқа да маңызды мәселелерге жұмсау қажеттігін еске салды. Соның ішінде зейнетақы, жәрдемақы, мемлекеттік қызметтер және тағы басқасы бар. Мемлекет басшысы вакциналау көрсеткіші артқан сайын дәрігерлерге берілетін үстемеақыны біртіндеп қолдау және ынталандырудың басқа шараларымен алмастыру қажет деп санайды. Себебі екпе салдырған адамдар көбейсе, коронавирустың қаупі төмендейді.

"Иә, медицина қызметкерлерінің жұмысында кәсіби қауіп-қатер бар. Сондықтан вакциналау көрсеткіші өскен сайын үстемеақыларды біртіндеп жүйелі қолдау және ынталандыру шараларымен алмастыру қажет. Олар эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмайды", - деп атап көрсетті Тоқаев.

Президенттің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі өз ұсынысын енгізді. Аса зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне қолдау жасаудың бірнеше жолы көрсетілген.

"Мәселен, осы саладағы жұмысшылардың бөлек санаттарына психоэмоциялық және физикалық жүктеме үшін қосымша ақы төлеу мәселесі талқыланып жатыр. Жалақыны біртіндеп көтеру шараларымен бірге бұны медицина қызметкерлерінің еңбекақысын төлеудің базалық жүйесі ретінде қарастыруға болады", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы үкіметке екі айдың ішінде нақты бір шешім шығаруға тапсырма берді. Әзірше ортақ шешім жоқ.