Экономика

"Бұл – қуантарлық жайт": Тоқаев ел экономикасы 2,2 процентке өскенін мәлімдеді

Президент үкіметтің ендігі мақсаты екінші жартыжылдықта экономиканың өсу қарқынын үдету екенін атап өтті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 10 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы басталды. Шара онлайн режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Індет пен шектеу шараларына қарамастан ел экономикасы жарты жылдың ішінде 2,2 процентке өсті. Бұл – қуантарлық жайт. Былтыр пандемияның салдарынан ішкі жалпы өнім 2,6 процентке төмендеді. Біз оны тезірек қалпына келтіруіміз керек", - деді Тоқаев отырыстың басында.

Президенттің айтуынша, бүгінде әлемдік экономика біртіндеп қалпына келіп жатыр. Шектеу шаралары да бұрынғыдай емес. Бұның барлығы іскерлік байланыстарды күшейте түсті.

"Біздің мақсатымыз – екінші жартыжылдықта экономиканың өсу қарқынын үдету", - деп атап өтті Тоқаев.

Қазақстан экономикасы белсенді түрде қалпына келіп жатыр – Мамин

Отырыс тәртібі бойынша алдымен үкімет басшысы Асқар Мамин елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша баяндама жасайды. Одан кейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ақша-кредит саясаты жайында есеп береді. Ал вице-премьер Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық жағдайды баяндайды. Сосын Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі сөйлейді.