Қоғам

Көкөніс бағасы өсуде: агенттік ауыл шаруашылығын субсидиялауды тексереді

Ауыл шаруашылығын қолдауға соңғы 5 жылда 1 трлн. теңге бөлінген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу форматын өзгертеді. Бұл туралы бүгін өткен ведомствоның алқа отырысында төраға Марат Ахметжанов мәлімдеді.

"Біз кешенді мониторингке көшеміз. Яғни, біз жеке органды емес, тұтас стратегиялық саланы таңдап, егжей – тегжейлі, терең талдау жүргіземіз", - деді ол.

Оның айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пилоттық жоба ретінде агроөнеркәсіптік кешенде субсидиялау саласы таңдалды.

Ауыл шаруашылығын қолдауға соңғы 5 жылда 1 трлн. теңге бөлінді. Сонымен қатар ұрлау фактілері үнемі анықталып жатқан көптеген қауіпті аймақтар бар және оларға қатысты қылмыстық істер қозғалуда.

"Жыл сайын мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай қаражат бөледі. Дегенмен, жазда көкөніс бағасының өсуі халықтың наразылығын тудырды. Орталықта қабылданатын шешімдер халықтың қажеттілігіне емес, жұмыс көрсеткішіне бағытталған", - деп атап өтті агенттік басшысы.

Жалпы, оның пікірінше, субсидия саласында халықты толғандыратын мәселелер аз емес. «Сондықтан бұл кешенді талдаудың басты мақсаты – субсидиялар саласындағы проблемаларды анықтау. Дотациялар халыққа қаншалықты жетеді? Оларды алу ашық па? Бұған не кедергі? Қандай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар? Кемшіліктер анықталғаннан кейін сарапшылар мен тиісті министрліктерді тарта отырып, оларды шешу жолдары әзірленетін болады", – деп түйіндеді Ахметжанов.

Оқи отырыңыз: "Сыбайлас жемқорлық дендеген": депутат АӨК-ті субсидиялау ережесін қайта қарауды ұсынды

Алдағы уақытта талдауға осындай тәсілдерді автожол және көліктік бақылау саласында қолдану жоспарланып отыр.

Сондай-ақ ол бас прокуратурамен бірлесіп мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысын бағалаудың жаңа жүйесін әзірленіп жатқанын айтты. Бұл үшін нақты және түсінікті өлшемдер дайындалуда.

Талдау қорытындылары мемлекет басшысына енгізілетін елдегі сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі туралы ұлттық баяндамада көрініс табады.