Өңірлер

Петропавлда туған қызын қорлап өлтірген әйелге сот үкімі шықты

Сот материалдарына сәйкес, бүлдіршіннің бассүйегі, тістері сынған. Қолы күйіп, аяғын үсік шалған
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Петропавлда өз қызын ұрып өлтірген әйелге қатысты сот үкімі шықты. Тасбауыр ана бір ай бойы үш жастағы бүлдіршінді ұрып келген, деп хабарлады "Хабар 24".  

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен күдіктіге 10,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Айыпталушы қызын некесіз туып, кейін нәрестені сәбилер үйіне өткізген. Артынан оның туыстары баланы қамқорлығына алады. Бірақ уақыт өте келе бауыр еті баласын Екатерина Голешова қайтадан қайтарып алған. Ал оған баланың мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы себеп болған көрінеді.

Жантүршігерлік оқиға биыл қаңтар айында болды. Айыпталушы үш жастағы қызын есінен танғанша ұрған. Дәрігерлер оның өмірі үшін қанша күрескенімен, нәтиже болмады. Бүлдіршін бір айдан астам уақыт жансақтау бөлімінде жатып, сол күйі есін жимады. Күдіктіге үш бап бойынша айып тағылды.

"Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпталушы 10 жыл алты 6 ай бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қатаңдығы орташа қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде өтейді", - деді Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Әлия Жұмабаева.

"Үш жыл бойы бала бізбен болған еді. Сондықтан Екатеринаны ата-ана құқығынан айыру керектігін сұрадым. Дегенмен де, ол бүлдіршінді алып кетті. Содан міне, айналасы бір айдан астам уақыттың ішінде біз кішкентайдан айырылып қалдық", - дейді жәбірленуші Татьяна Захарова.

Сот материалдарына сүйенсек, бүлдіршіннің бассүйегі, тістері сынған. Қолы күйіп, аяғын үсік шалған. Яғни, сәбидің көрмеген қорлығы жоқ. Сот барысында прокурор оған 11 жыл беруді сұраған. Ал айыпталушы болса өз кінәсін толығымен мойындады. Екатерина Голешова 22 жаста. Тұрмыс құрмаған. Жұмыс істемейді. Бұрын сотталмаған.