Өңірлер

Аудан әкімдігі 30 млн теңгеге пәтер алуды жоспарлаған – агенттік

Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі ауданы 40-тан 60 шаршы метрге дейінгі пәтерді 30 млн. теңгеге сатып алуды жоспарлады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп конкурстар бойынша сатып алу бағаларына мониторинг және талдау жүргізген. Осы жұмыстар барысында аудан әкімдігі 30 млн теңгеге пәтер сатып алуды жоспарлағаны анықталды.

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бірінші жартыжылдықтағы жұмыс қорытындысы бойынша алқа отырысында айтылды.

"Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының әкімдігі ауданы 40-тан 60 шаршы метрге дейінгі пәтерді 30 млн. теңгеге сатып алуды жоспарлады. Мұндай бағалар тіпті елордада да жоқ екені анық. Біздің ұсынысымыз бойынша баға 6 есеге (5 млн. теңге) төмендеді", – деді
М. Ахметжанов.

Сондай-ақ өткен жылы 40 млрд. теңге артық шығындар анықталса, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 36 млрд. теңге анықталғанын айтты.

"Біз көрсеткіштің өсуі туралы жетістік деп айтамыз, бірақ іс жүзінде бұл проблемалық сигнал. Бағаны көтеру – алдағы уақыттағы пара алу мен қайтару үшін алғашқы қадам", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Оқи отырыңыз: Жарты жылда қанша сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалды – агенттік мәліметі

Ол бұл мәселені шешу үшін агенттік мемлекеттік жоспарлау және мемлекеттік сатып алу порталдарын біріктіруді, бюджеттік өтінімдерді орналастырудың жариялылығын, біртекті тауарлар үшін бірыңғай ерекшелік пен бағаны белгілеуді, сондай-ақ бюджет қаражатын бөлуден бастап игеруге дейін сүйемелдеуді енгізуді ұсынғанын атап өтті. Ахметжановтың айтуынша бұл бастамалардың барлығын мемлекет басшысы қолдап, үкімет тиісті шаралар қабылдауда.