НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. АҚШ пен НАТО әскері ауған жерінен кетіп жатыр. Бүгінде әскерилердің басым бөлігі өз еліне қайтты. Ал тәлібтер осы жағдайды пайдаланып, біраз жерді басып үлгерді. Орталық Азия елдерінің шекарасына да жетті. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон шұғыл Қазақстан мен Ресей басшыларына хабарласты. Күні кеше осы елдің өкілі Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады. Себебі тәжік елі ауған жерінен төніп тұрған қауіп-қатерге жалғыз өзі төтеп бере алмайды. Ал Қазақстанға неден қауіптену керек? ҰҚШҰ күштері тартылса, тәжік-ауған шекарасына тағы қазақстандық әскерилер жіберіле ме? Әлде тәлібтермен келіссөз жүргізіп, бәрін бейбіт жолмен шешкен тиімді ме? Жоқ, әлде АҚШ-тың үндеуіне қосыламыз ба? Sputnik Қазақстан тілшісі сарапшылардың осы мәселеге қатысты ойын білді.
Содырлар қатарында қазақтар да бар
Бүгінде тәлібтер Тәжікстан, Өзбекстан мен Түрікменстанға жақын солтүстік провинцияларды басып алды. Ал оларға қарсы соғысқан ресми биліктің әскерлері тәжік пен өзбек жеріне қашуға мәжбүр болды.
Саясаттанушы Расул Жұмалының ойынша, ерте ме, кеш пе, Талибан* билікке келеді. Осы орайда "Бұл дүлей радикалды күш ауған жерімен ғана шектеле ме?" деген маңызды сұрақ туындайды.
"Мен бұған күмәнмен қараймын. Әсіресе, жергілікті пуштундармен қатар өзбек, тәжік, түрікмен, басқаның әсіредіншіл өкілдері бас қосты. Олардың ауқатты әрі бірбеткей демеушілерінің де есіл-дерті - Халифат. Кезінде Сирия мен Иракта "жойылды" деген ДАИШ* содырларының басым бөлігі де осында келіп паналады. Соңғылардың қатарында қазақтар да бар", - деп жазды Жұмалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында сарапшы ауған жерінде жүрген радикалды топтардың Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға қандай қауіп төндіретінін айтып берді.
"Мысалы, кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін содырлар және басқа да заңсыз күштер ауған жерімен ғана шектеліп қалмады. 90-жылдардың басында Тәжікстанда азаматтық соғыс бұрқ ете түсті. 1999 жылы өзбек, тәжік пен қырғыз содырлары алдымен Тәжікстанға, одан ары қарай Қырғызстанның Баткен ауданына кіріп, ойран салды. 2000 жылы Ташкентте болған жарылыстар тағы бар. Сол кезде Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің өміріне қастандық жасалды. 2005 жылғы Андижандағы қантөгіс. Иә, әрбір аймақтың ішкі проблемалары да бар. Бірақ Ауғанстанның ықпалы болды", - деп атап көрсетті Жұмалы.
Оның айтуынша, Талибан*, көбінесе, пуштундардан тұрады. Алайда ол жерде тәжіктер, парсылар, хазарилер, өзбектер және басқа да ықпалды топтар бар. Олар дүрбелеңді пайдаланып, Орталық Азияға ағылуы мүмкін. Арғы жағында Қазақстан да алыс емес.
"Орталық Азияның өзінде жағдай керемет деп айта алмаймыз. Қаншама маргинал топтар бар, арып-ашып отырғандар, кедей мен билікке наразы адамдар аз емес. Олар бүгін болмаса, ертең кез келген күшті қолдап кетеді. Ал менің меңзеп отырғаным, кезінде түрлі діни топтармен, радикалды топтармен тікелей Пәкістан мен Ауғанстанға барған немесе араб елдерін айналып барған қазақтар, өзіміздің жерлестеріміз. Олардың нақты санын білмеймін", - дейді саясаттанушы.
Ұлттық мүддемізді ескеруіміз керек
Күні кеше Тәжікстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрады. Бұған дейін осы елдің басшысы Эмомали Рахмон Қазақстан мен Ресей президенттеріне хабарласып, ауған мәселесін жан-жақты талқылаған болатын. Тәжікстанның ҰҚШҰ-дағы тұрақты өкілі Хасан Султоновтың айтуынша, тәжік елі ауған жерінен төніп тұрған қауіп-қатерге жалғыз төтеп бере алмайды. Оған бірнеше себеп бар. Тәжікстан мен Ауғанстанның шекарасы 1 300 шақырымнан асады, таулы жерлері де аз емес. Осыған байланысты Тәжікстан ұйымға мүше Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Ресейді тәжік-ауған шекарасын күшейтуге үндеді.
"Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының құрылуына ауған факторы ықпал еткен. Себебі кеңес одағы ыдырағаннан кейін Ауғанстан проблемасы ушығып кетті. Содан 1991 жылы Ташкентте Ислам Кәрімовтың бастамасымен ҰҚШҰ сияқты әскери-саяси ұйым құрылған болатын. Бірақ содан бері осы ұйым айтарлықтай бір күшке ие болған жоқ, бірде-бір проблеманың шешілуіне нақты себепкер бола алмады", - дейді саясаттанушы Жұмалы.
Осы орайда сарапшы 90-жылдары ҰҚШҰ атынан тәжік-ауған шекарасына әскерилердің жіберілгенін еске салды. Олардың арасында қазақ батальоны да болды.
"Бірақ дәл қазір ондай шараларды қолға алу қажет пе, жоқ па, бұл – үлкен мәселе. Мысалы, қазірдің өзінде өзбектер сол тәлібтермен астыртын байланыс орнатқаны туралы жиі айтылады. Олар 1999-2000 жылдары осындай саясат жүргізген. Ресей Батыспен текетірес тұрғысынан қарайды. Тәжікстанның ұстанымы бөлек. Демек, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының ішінде әр елдің өз көзқарасы бар. Ал Қазақстан қатысатын болса, кімнің жетегінде кетеді? Біреуге ереміз деп, Ауғанстандағы күштермен тағы араздасып қалмаймыз ба? Әрине, Талибан* біреуге ұнауы мүмкін, біреуге ұнамауы мүмкін. Бірақ біз ең алдымен өзіміздің ұлттық мүддемізді ескеруіміз керек", - деп атап көрсетті Жұмалы.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің ойынша, Талибан* ашық соғыспауы да мүмкін. Олар диверсанттарды жіберіп, қарулы қақтығыстар жасай алады.
"Талибан* Орталық Азиядағы жағдайдың тұрақсыздығына мүдделі болса, солай істейді. Ал Тәжікстан мен Қырғызстанға қысым жасалса, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына шабуыл жасағанмен тең болады. Демек, ұйымға мүше Қазақстан да тыс қалмайды", - деді Әбішев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
АҚШ жақтастарын кіргіземіз бе
Жақында Америка құрама штаттары Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстан басшыларына үндеу жасап, Талибанға* қарсы соғысуға көмектескен 9 мың ауғанды уақытша орналастыруды сұрады. Әзірше нақты шаралар қолға алынған жоқ. Дегенмен Тәжікстанға мыңдаған босқын ағыла бастады.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішев АҚШ-тың өтініші орынсыз деп санайды. Себебі мыңдаған әскерін алып кетуге қауқары бар держава өз жақтастарын да оп-оңай әкете алады.
"Иә, АҚШ өздеріне көмектескен ауғандарды алдымен тексеріп алуды көздейді. Олардың арасында экстремистер бар ма, жоқ па, осының бәрін анық білгісі келеді. Әйтпесе, Американың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төнеді ғой. Бірақ біз ондай адамдарды уақытша орналастырсақ, АҚШ артынан алып кететініне нақты кепілдік беруі керек. Мысалы, қазір мыңдаған адамды кіргіздік дейік. Ал АҚШ сенатында отырған республикандықтар тиісті заң қабылдамай қояды. Сонда не істейміз? Басқа елге жібере алмаймыз. Ауғанстанға қайтарсақ, адамгершілікке жат. Сөйтіп, барлығы осы жерде қалып қоюы да мүмкін. Сондықтан асығыс шешім жасауға болмайды", - деді Әбішев.
Ал саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, АҚШ жасаған үндеудің заңды күші жоқ. Оған қоса, бұған дейінгі операциялар кезінде ешбір қиындық болмаған.
"Мысалы, 1979 жылы Иранда ислам революциясы болғанда олар өздерінің жүздеген, тіпті, мыңдаған жақтасын шығарды. Оған қауқары да, ақшасы да жетті. Қазір де мүмкіндігі бар. Әрине, бұл жерде гуманитарлық аспект бар. Ол адамдарды қырып жоюы мүмкін, азаптауы мүмкін. Осының бәрін халықаралық қатынастар тәртібі арқылы шешуге болады ғой. Мысалы, Біріккен ұлттар ұйымында екі бірдей жоғары комиссариат бар. Солар үндеу жасаса, заңды күші болады. Ал АҚШ жасаған үндеудің халықаралық заңды күші жоқ", - деді Жұмалы.
Осы орайда сарапшы ауған жерінен мыңдаған босқын келсе, біраз мәселені ескеру керектігін ерекше атап өтті.
"Ол адамдар кімдер? Арасында содырлар жоқ па? Оларды алып келгесін кім бақылайды? Қайда орналастырады? Кімнің қаражаты жұмсалады? Олар Ауғанстанда қылмыс жасаған жоқ па? Біз оларға саяси баспана беретін болсақ, тәлібтер немесе ресми Кабул "олар бізде қылмыс жасады, ал сіздер қабылдап отырсыздар" деп, Ауғанстанның ішкі істеріне араласу деп танымай ма? Осы іспетті мәселелер көп", - дейді Жұмалы.
Айта кеткен жөн, тәлібтер Ауғанстанды билеп тұрғанда олармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан мемлекеттер болды. Алайда 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тағы террористік әрекеттен кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Араға 20 жыл салып, Америка мен Талибан* бір келісімге келді. Соның негізінде ауған жерінен әскерилер шығарыла бастады. "Тәлібтермен келісуге болады" деген әңгімелер де тарады.
Қазақстандық сарапшылар да бәрін бейбіт жолмен шешуге болады деп санайды. Бірақ радикалды топтардың Орталық Азия елдеріне өтіп кетпеуіне кепілдік берілуі шарт.
*Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған террористік ұйымдар