SputnikPro: мәтіннен гөрі аудио мен видео ұтымды ма

Сарапшының пікірінше, қазір шынайы оқиғаны жазу немесе жақсы сюжет түсіру жеткіліксіз. Осының барлығын әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі танымал алаңдар арқылы жеткізу керек
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде — Sputnik. БАҚ мәтіндік ақпараттан гөрі аудио және видеоконтент арқылы аудиторияның өзіне деген қызығушылығын арттыруды жалғастырып келеді. "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігі бас редакторының орынбасары Наталья Лосева Нұр-Сұлтандағы SputnikPro танымдық жобасы барысында осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазір әлем ақпаратты жоғары деңгейде жеткізу дәуірінде өмір сүріп жатыр. Пайдаланушылар ақпараттық ағындағы ойын-сауық, ақпараттық-сараптамалық немесе басқа да сипаттағы жаңалықты бөліп-жарып емес, жалпы қабылдап отыр.

"Орташа статистикалық адамдар ақпаратты кәсіби немесе нашар дайындалған деп бөлмейді. Қазір іс жүзінде БАҚ өз аудиториясымен бәсекелесіп келеді", - деді Наталья Лосева.

Сарапшы аудитория назарының мәтіннен аудио және видеоконтентке ауысуын медиа саласындағы кезекті сын ретінде атады.

"Өкінішке қарай, мәтіндік ақпараттың орнын аудио және видеоконтент басуының ықтималдылығы жоғары. Сондықтан медиа институттарынан жоғары кәсібилік, сондай-ақ мәтінмен жұмысты жалғастыруға арналған күш салу талап етіледі. Мәтін аудио мен видеодан ұтымды немесе тең болатындай етуге тырысу керек. Себебі мәтін арқылы ақпарат жеткізу – ерекше қабілет және оны сақтап қалу керек", - деді "Россия сегодня" халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторының орынбасары.

Наталья Лосеваның айтуынша, мәтін аудио және видеоконтентпен бәсекелесуі үшін сапалы, эмоцияға толы, пайдаланушының назарын аударарлықтай, фото, аудио және видеомен сүйемелденген болуы қажет.

SputnikPro: мәтіннен гөрі аудио мен видео ұтымды ма

"Пайдаланушыға арнап мәтінді өзгерту, сату және оны ілгерілету маңызды. Мәтін өз құқығы үшін күресуі керек. Бұл алдағы уақытта медиадағы сын-тәуекелдің бірі", - деді Лосева.

Әлем неге жалған жаңалықтар құрсауында тұр

Нұр-Сұлтандағы SputnikPro семинары кезінде медиакеңістікте жалған ақпараттың кеңінен таралуы да талқыланды.

Наталья Лосеваның айтуынша, кей жағдайда шындық іш пыстырады. Сондықтан аудитория жалған ақпаратты қызығып оқиды/көреді.

"Адамдармен сөйлесіп, инфлюенсерлерді тарту керек. Қорқынышты сату оңай, сондықтан кей адамдар мұны пайдаланады. Бұл күресте жеңу үшін ақиқатты қызықты етіп жеткізу керек. Қазір ақиқатты жазып қана қою, шынайы сюжет түсіру жеткіліксіз. Аудитория шоғырланған әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы шындықты тарату керек", - деді сарапшы.

Наталья Лосева алдағы уақытта виртуалды әне толықтырылған шынайы ақиқат сынды аралас орталар дамып, шындық пен өтірік күресетінін айтты. Сарапшы медиа жетекшілеріне дәл осы ортаға дайын болуға кеңес берді.

SputnikPro жобасы туралы

SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпараттық агенттігі және радиосының журналистерге, бейіндік ЖОО студенттеріне, баспасөз қызметі мамандары мен медиаменеджерлерге арналған және шетелдік әріптестермен кәсіби байланысты дамыту және тәжірибе алмасуға бағытталған жобасы. Жоба модулінің жетекшілері қатарында Sputnik медиаменеджерлері мен басқа да танымал ресейлік сарапшылар бар.

Сессия барысында журналистика мамандығының түрлі аспектілері, соның ішінде мультимедиялық контент әзірлеу, әлеуметтік желідегі жұмыс, жаңалықтар ресурсына трафик тарту сынды келелі мәселер талқыланды. 2018 жылдың наурызынан бастап SputnikPro мастер класына 80 елден 5 мыңнан астам тыңдарман қатысты.

Sputnik - халықаралық ақпараттық агенттігі және радиосы - Ресейдің "Россия сегодня" медиатобының бір бөлігі. Sputnik 32 тілдегі интернет-сайтты, әлемнің 90-нан астам қаласындағы аналогтық және цифрлық радио хабар тарату жүйесін және ағылшын, араб, испан, қытай және парсы тілдеріндегі жаңалықтар сайтын қамтиды. Sputnik ақпараттық ресурстарының аудиториясы айына шамамен 57 миллион пайдаланушыны құрайды, әлеуметтік желілердегі оқырманның жалпы саны 22,9 миллионнан асады. Sputnik-тің бас кеңсесі Мәскеуде орналасқан.

Трендті мультимедиалық контентті қалай құру керектігі туралы шеберлік сағатының трансляциясын мына жерден көруге болады.