Елорда тынысы

Нұр-Сұлтанда карантин күшейтіледі – санитар дәрігер жаңа қаулы дайындап жатыр

Жабық жағажайлар мен бассейндердің, қалалық жағажайлардың,   серуендеуге арналған су көліктерінің, кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 8 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда эпидемиологиялық жағдайға байланысты карантин төртінші рет күшейтіледі. Карантиндік қосымша шектеулер туралы қаланың мемлекеттік санитар дәрігерінің жаңа қаулысы дайындалып жатыр, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Карантин шараларын сақтау жөніндегі мониторингтік топтар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әсіресе "Ashyq" жобасына енгізілген нысандардың жұмыс сапасын бақылау күшейтілді.

Енді жабық жағажайлар мен аквапарктердің, оның ішінде бассейндердің; қалалық жағажайлардың, оның ішінде рұқсат етілмеген және ашық ауадағы аквапарктердің; серуендеуге арналған су көліктерінің (теплоходтар, катерлер, қайықтар, катамарандар, су мотоциклдері және т.б.), кинотеатрлардың жұмысына тыйым салынады.

"Түнгі клубтарға "Ashyq" жобасы аясында жұмыс істеуге рұқсат етілмеген. Ал енді түнгі клубтардың жұмыс істеуіне толықтай тыйым салынады. "Ashyq"-сыз жұмыс істейтін жазғы тамақтану орындарының жұмысы демалыс күндері тоқтатылады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылады. Автобустарға дезинфекция жүргізіледі.

Бұдан бөлек қоғамдық тамақтану нысандары үшін жұмыс уақыты ("Ashyq" жобасынсыз жұмыс істейтін) орналасқан жеріне қарамастан мейрамхана, кафе және кофеханалар жұмыс күндері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Сондай-ақ ашық ауада (жазғы орындар) істейтін тамақтану орындары жұмыс күндері сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жұртшылықты қабылдаса, сенбі және жексенбі күндері жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал тамақты жеткізу, өзімен бірге алып кету штаттық режимде жүреді.

"Ashyq" жобасына қатысатын қоғамдық тамақтану нысандары үшін дүйсенбі-жұма күндері мекеме ішінде 07:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілсе, сенбі мен жексенбі күндері ғимарат ішінде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ал ашық ауада аптаның барлық күнінде 07:00-ден 00:00-ге дейінгі режим белгілеу жоспарланып отыр.

Егер мейрамханаларда/кафелерде немесе өзге де мекемелерде мерекелік іс-шаралар, жиын-тойлар өткізілсе, нысанның жұмысы бірден тоқтатылады.

Қалада карантиндік қатаң нормаларды енгізбеу үшін ұжымдық иммунитет дамуы қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-тен асуға тиіс. Қазіргі уақытта қалада вакцинаның бірінші компонентін 270 мыңнан астам адам алды.