Экономика

Ұлттық банк теңге неге әлсірегенін түсіндірді

Ұлттық Банк сыртқы нарықтағы ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Алып-сатарлық, тұрақсыздандыру жағдайы байқалса, валюталық интервенция жүргізу құқығына ие
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Сәрсенбі күні Қазақстан қор биржасында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 427,85 теңге болды. Үш күндік демалыс кезінде ұлттық валюта 2,69 теңгеге әлсіреді.

"ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемі бойынша келісімге келмеді. Ұлттық валютаға сыртқы факторлар теріс әсер етеді. Оның ішінде негізгісі ағымдағы мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы болып табылады", - деді Ұлттық банктің монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов.

Оның айтуынша, Ұлттық Банк сыртқы нарықтағы ахуалға мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Тұрақсыздандыру жағдайы болса, валюталық интервенция жүргізу құқығына ие.

БАӘ-нің базалық өндіру деңгейін тәулігіне 3,2 млн баррельден 3,8 млн баррельге қайта қарау туралы талап қойған болатын. Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК+ке қатысушы елдер биыл тамыз–желтоқсан аралығында мұнай өндіру көлемін бір айда 400 мың баррельге арттыру туралы ымыраға келе алмады. Сауд Арабиясы энергетика министрінің мәлімдемесі бойынша, ОПЕК+ альянс БАӘ-ға өзгелерден ерекше жағдай жасай алмайды.

Ымыраға келмегендіктен, тамыз айында өндіріс көлемі болжамдағыдай болмайды. Brent маркалы мұнай бағасы 2018 жылдың қазаннан бастап алғаш рет бір баррель үшін 77 АҚШ долларынан асты. Нарыққа қатысушылар мұнай бойынша позицияларды белгілей бастады, бұл бағаның баррель үшін 74 АҚШ долларына дейін төмендеуіне алып келді. Ақ үйдің хабарлауынша, АҚШ әкімшілігі комитеттің жоғары лауазымды мүшелерімен келіссөздер жүргізіп, өндірісті ұлғайту туралы шешімді қолдайды.

Инвесторлардың жаһандық тәуекел-сентименті нашарлауы теңгеге қысым көрсететін қосымша фактор болып отыр. Атап айтқанда, Covid-19 дельта-штамы таралуына байланысты қауіп артты. Мәселен, Азияның кейбір елдері карантин шараларын қайтадан қатаңдатуға мәжбүр болды: Малайзияда локдаун ұзартылды, Индонезияда сауда орталықтары уақытша жабылды.
Тайландта мейрамханалардың жұмысы шектелді.

Дамушы нарықтардың көбі үшін аптаның басы жағымсыз болды: Бразилия реалы 2,8%-ке әлсіреді, Ресей рублі 1,6%-ке, Мексика песосы 1,2%-ке, Оңтүстік Африка ранды 0,6%-ке әлсіреді.

Әлемдік қор индекстері де теріс көрсеткіште (S&P 0,2%-ен, Dow Jones 0,6%-ке төмендеді), қауіпсіз активтерге сұраныс өсіп келеді – алтын аптаның басынан бері 0,6%-ке өсті (трой унциясы үшін $1797,96-ға дейін), доллар индексі (DXY) 0,3%-ке, Жапон иенасы 0,4%-ке нығайды.