Қоғам

Қазақстанда тестілеу орталықтарының саны қысқарады

Аймағамбетов ұлттық тестілеу орталығын барынша жинақы ету үшін батыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Қазақстанда ұлттық тестілеу орталығының филиалдары азаяды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тиісті тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Тағы бір мәселе – ұлттық тестілеу орталығының жергілікті филиалдарын азайту бойынша жұмыс жүргізілсін. Олар ең басты, ең маңызды орталықтарда ғана жұмыс істейді. Электронды тестілеуге көшкеннен кейін оларға қажеттілік жоқ", - деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.  

Ол ұлттық тестілеу орталығын барынша жинақы ету үшін батыл шаралар қабылдау қажет екенін мәлімдеді. Министр ұлттық тестілеу орталығының басшылығы мен вице-министрге осы бағыттағы жұмысты жүргізуді тапсырды.

Айта кетсек, ұлттық тестілеу орталығының филиалдары облыс орталықтары мен ірі қалаларда орналасқан. Десе де оқушылар емтиханды тұрғылықты жерінде ғана емес, кез келген өңірде тапсыра алады. Ұлттық орталықтың филиалдары қысқарған жағдайда ел бюджеті үнемделеді, алайда шалғай өңірлерде тұратын оқушыларға сынама және негізгі ҰБТ-ны тапсыру үшін ұзақ жол жүруге тура келуі мүмкін.

Тағы оқыңыз: ҰБТ-2021: Аймағамбетов кімдердің бейнежазбасы тексерілетінін айтты

Бұған дейін ұлттық тестілеу орталығының басшылығы электронды ҰБТ-ны енгізу бюджет шығындарын едәуір қысқартуға мүмкіндік бергенін мәлімдеді. Егер бұрын Қазақстан ҰБТ-ға бір миллиард теңге жұмсаса, биыл тестілеуге 400 миллион теңге кетті. Ал келесі жылы бюджет одан да аз болады, өйткені электронды ҰБТ үшін инфрақұрылым дайын.