НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанға жақын жерде болған жол апатының видеосы желіде тарап кетті. 48 жастағы әйел рөлге ие бола алмай, аударылып қалған. Видеода онымен бірге болған 9 жасар қыздың ашынған дауысы естіледі.
"Мама, рөлге неге отырдың?!", - деп айқайлайды бүлдіршін. Видеодан аударылып жатқан көлікті көруге болады.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мамандары жол апатының мән-жайын айтып берді. Ресми мәліметке сәйкес, бұл оқиға 6 шілде күні сағат 13:46-да Нұр-Сұлтан-Петропавл тас жолының 194-ші шақырымында болған.
"Toyota RAV4 маркалы көліктің жүргізушісі – Нұр-Сұлтан қаласының 48 жастағы тұрғыны Көкшетау жаққа бара жатқанда көліктің алдыңғы оң доңғалағының желі шығып кеткен. Содан ол рөлге ие бола алмай, аударылып қалған", - дейді полицейлер.
Жол апаты салдарынан көлік ішінде болған 9 жасар қыз жақ сүйегі, ал анасы кеуде тұсынан жарақат алған.
Қазіргі кезде көлік жүргізушісіне қатысты әкімішілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы, 1-тармағы (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді.
Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда жүкті әйелді алып бара жатқан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды
Ал басқа жолаушылар арыз жазып, көлік жүргізушісіне қатысты ешқандай талап-тілектің жоқ екенін мәлімдеді.