Фото

Құс ұшар биіктіктен түсірілген Нұр-Сұлтан – фото

Sputnik

Мегаполис халқы да күн санап артып келеді. Сол себепті астананың бас жоспары қайта қаралып, оның аумағы мен инфрақұрылымын халық санына үйлестіру қаралып жатыр.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда соңғы жиырма жылда бой көтерген әсем ғимараттар өзінің ерекшелігімен әлемде таныла бастады. Айта кету керек, осы жылы падемияға байланысты астананың 23-ші туған күні онлайн форматта аталып өтті.

Sputnik Қазақстан фототілшісі Владислав Воднев бас қаланың әсерлі бейнесін құс ұшар биіктіктен суретке түсірді. Нұр-Сұлтанның көрікті кейпін суреттер топтамасынан тамашалаңыздар.

1 / 17
Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан. Құс ұшар биіктіктен түсірілген қала бейнесі.
2 / 17
Бәйтерек. Монумент 1997 жылы астананы Алматыдан көшіру символы ретінде салынды.
3 / 17
Күн батып бара жатқан кездегі Ақорда бейнесі. Қазақстан президентінің резиденциясы Есіл өзенінің сол жағалауында, "Бәйтерек" монументінен үш жүз метр қашықтықта орналасқан. Резиденцияның жанында Қазақстан парламенті, Жоғарғы соты, Үкімет үйі, Министрліктер үйі және басқа да әкімшілік ғимараттар орын тепкен.
4 / 17
"Хан Шатыр", биіктіктен түсірілген сурет. Бұл ірі сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі ең үлкен шатыр ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енген.
5 / 17
Успен соборының алтын күмбездері. Собордың жалпы аумағы екі мың шаршы метрден асады. Ғибадатхана төрт мыңға жуық адамды қабылдай алады және Орталық Азиядағы ең ірі собор саналады.
6 / 17
St.Regis Astana қонақ үйі. Бұл нысан Есіл өзенінің жағалауында, Қабанбай батыр даңғылының бойында, елордадағы Орталық саябақтың дәл ортасында орналасқан.
7 / 17
Керме көпір – Нұр-Сұлтандағы Есіл өзені арқылы өтетін басты автокөлік көпірі. Ол бас қаланың оң және сол жағалауын байланыстырып тұр.
8 / 17
Есіл өзеніндегі теплоходтар. Нұр-Сұлтан жағалауы - қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Себебі Орталық саябақ та қол созым жерде орналасқан. Ал саябақ дәмді тамақтануға, жаяу серуендеуге немесе велосипед тебуге, таза ауада ойды тынықтыруға таптырмас орын.
9 / 17
"Астана Триумфы" тұрғын үй кешені елордадағы елеулі ғимараттың бірі. Бұл Қазақстанның жаңа бас қаласының дамуын айшықтайтын нысанға айналды. Ол 2006 жылы салынды.
10 / 17
Нұр-Сұлтан қаласындағы Рыскелді қажы атындағы мешіт. Мешіт кейпі төңкеріліп тұрған лотос гүлін елестетеді.
11 / 17
Бейбітшілік және келісім сарайының жоғарыдан түсірілген бейнесі. Халық арасында оны "Пирамида" деп атайды. Бұл нысанның авторы - танымал архитектор, сэр Норман Фостер.
12 / 17
Елорданың шетіндегі жаңа ықшамаудандар
13 / 17
Ғарыш музейі және тасымалдаушы зымырандар макетінің күн батып бара жатқан сәттегі көрінісі. Ашық аспан астындағы музей экспозициясы елорданың сол жағалауында орналасқан. Мұнда "Союз", "Протон", "Зенит" зымыран тасымалдағыштары мен "Буран" орбитааралық кемесінің макеттері бар.
14 / 17
"Шабыт" сарайы - Нұр-Сұлтанның жаңа әкімшілік орталығында орналасқан айрықша кешен. Оның жанында "Қазақ Елі" монументі, Тәуелсіздік сарайы, "Әзірет Сұлтан" мешіті сынды басқа да сәулетті ғимараттар орын тепкен.
15 / 17
Бас қалада бой көтеріп жатқан "Әбу-Даби Плаза" кешенінің ең биік мұнарасына "Қазақстан" деген атау берілді. "Әбу-Даби Плаза" кешені бас қаланың ерекшелігін айшықтайтын кезекті ғимаратқа айналуда.
16 / 17
"Алау" мұз айдыны — елордадағы жабық коньки тебу стадионы. Шорт-трек, хоккей, кёрлинг және мәнерлеп сырғанаудан жаттығу және спорт жарыстарын өткізуге арналған.
17 / 17
Нұр-Сұлтанның таңсәрідегі көрінісі. Елорданың құс ұшар биіктіктен түсірілген кейпі.