Әлем

Ауғанстанда жағдай ушықты: Қазақстан елшілігі қалай жұмыс істеп жатыр

Ауғанстандағы жағдай ушығып барады. Тәлібтер шабуылы қарқын алып, елдің басым аумағын басып алуда
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде — Sputnik. Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

"Ауғанстандағы елшілік қауіпсіздік шараларын күшейту талаптарымен штаттық режимде жұмыс істеп жатыр", - деді агенттікке министрлік өкілі.

Атап өтсек, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың ақпанында орнатылған. Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі 2003 жылы ашылды. Қазақстандық дипломаттар Ауғанстанның бір ғана қаласы – ел астанасы Кабулда ғана жұмыс істейді

БАҚ-та Ауғанстанның солтүстігінде Мазари-Шариф қаласындағы Түркия, Пәкістан мен Иран консулдықтары жұмысын уақытша тоқтатқаныны туралы ақпарат тарады. "Талибан"* радикалды қозғалысы содырларының ел аумағында белсенділігінің артуы консулдықтарды уақытша жабуға алып келді. Жергілікті телеарнаның мәліметі бойынша, үш елдің консулдығы қалада виза беруді тоқтатты. Ал дипломаттар ауған елінің астанасы Кабулға орын ауыстырды.

АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі жұмысты жалғастыратынын және мекеме жабылмайтынын хабарлады. Бірақ қызметкерлер санына өзгерту енгізіледі. Австралия елден әскер шығарылуы кезінде елшіліктерін жаба тұратынын мәлімдеді.

Ауғанстандағы жағдай

АҚШ Ауғанстан аумағынан өз әскерін әкетуді бастап, бұл 11 қыркүйекке дейін аяқталады деп уәде етті. Мұндай мәлімдеме тәлібтердің белсенділігін арттырып, елдегі және шекарадағы жағдайдың ушығуына алып келді. Негізінен Тәжікстанмен шекарадағы ахуал шиеленісіп, Ауғанстан үкімет күштерінің әскерилерінің тәжік жеріне қарай қашуы жиіледі.

БҰҰ бас хатшылығының арнайы өкілі, Ауғанстанға көмектесу жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лайонс мамырдан бері тәлібтер Ауғанстандағы 370 ауданның 50-ін басып алғанын хабарлады.

*Қазақстан мен Ресей Федерациясы және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым