НҰР-СҰЛТАН, 7 шілде – Sputnik. Атырауда полицеймен төбелескен ер адам қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, 5-мөлтек ауданында орналасқан "Идеал" супермаркетінде жанжал шыққаны туралы хабар түскен. Ол жерге дереу учаскелік полиция инспекторы барған. Жәбірленушіден арыз алу кезінде жанжал шығарған мас тұрғын полицияның заңды талабына бағынбаған. Ал далаға шыққаннан кейін қарсылық көрсеткен.
Тәртіп бұзған ер адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жазаға тартылды. Алдымен 440-бабының 3-бөлімімен (Алкогольдік ішімдік iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) 14 585 теңге көлемінде айыппұл салынды.
"Бұдан бөлек, 434-бабының 1-бөлімі (Ұсақ бұзақылық) және 667-бабының 1-бөлімі (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, сот шешімімен 36 жастағы азамат 10 тәулікке қамауға алынды", - дейді полицейлер.