Қоғам

Назарбаевқа бірнеше елдің басшысы телефон соқты

Ресми мәліметке сәйкес, Елбасы алдымен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен сөйлесті
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше президентпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Sputnik ҚазақстанElbasy.kz сайтына сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, Елбасы алдымен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен сөйлесті. Ол Назарбаевты туған күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

"Өзбекстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің көшбасшысы, тиімді реформалардың негізін салушы, әлемдік қоғамдастық мойындаған жаһандық бастамалардың авторы, сондай-ақ, Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық серіктестік қатынастарының іргесін қалаушы ретінде үлкен құрметке ие болғанын атап өтті", - делінген ресми хабарламада.

Осыдан кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин хабарласты.

"Владимир Путин Қазақстанның қол жеткізген толағай табыстары Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ресей басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қазақстан мен Ресей  бауырлас халықтарының игілігі үшін стратегиялық ынтымақтастық пен одақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграциялық процестерді тереңдетуге және кеңейтуге зор үлес қосуды жалғастырып келе жатқанын айтты", - делінген ресми хабарламада.

Оқи отырыңыз: РФ Федерация кеңесінің төрағасы Назарбаевқа жеделхат жолдады

Ал Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған Елбасының Нұр-Сұлтан пен Анкара арасындағы стратегиялық әріптестіктің негізін қалаушы, сондай-ақ, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің құрметті төрағасы ретінде лайықты құрметке ие болғанын ерекше атап өтті. Екі елдің басшылары алдағы кездесулердің кестесін де талқылап шықты.

Айта кетейік, бүгін Қазақтанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 81 жасқа толып отыр. Осыған байланысты мемлекет басшылары өз құттықтауларын жолдап жатыр. Бұған дейін Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, Украина басшысы Владимир Зеленский, Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Ин өз жеделхаттарын жолдаған.