НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Ресейдің федерация кеңесінің төрағасы Валентика Матвиенко Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады. Бүгін Елбасы 81 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"РФ Федералдық жиналысы федерация кеңесі мен жеке өз атымнан сізді туған күніңізбен құттықтаймын. Сіз баға жетпес өмірлік тәжірибесі бар данагөй әрі көреген саясаткер ретінде ең жоғары наградаға ие болып отырсыз. Ол – өз халқыңыздың шынайы махаббаты мен құрметі. Сіз миллиондаған қазақстандыққа үлгі болып жүрсіз", - делінген Матвиенконың жеделхатында.
Оның айтуынша, Назарбаев ұлттық келісім мен көп ғасырлық салт-дәстүрді сақтай отырып, өз елін жасампаздық пен прогресс жолымен жүргізіп келеді.
"Біз сізді Ресейдің үлкен досы ретінде танимыз. Сіздің Ресей мен Қазақстан арасындағы берік тарихи және мәдени байланыстарға негізделген жан-жақты стратегиялық әріптестік пен одақстастықты күшейтуге қосқан үлесіңізді асыра бағалау мүмкін емес", - деп атап көрсетті Матвиенко.
Сондай-ақ Матвиенко Назарбаевтың халықаралық мәртебесі ТМД-ның табысты жұмысына және ЕАЭО-ның дамуына оң ықпал ететінін ерекше атап өтті.
"Сіздің тығыз мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға атсалыса беретіңізге сенімім мол", - деді Матвиенко.
Федерация кеңесінің төрағасы Елбасыға денсаулық, ұзақ өмір мен жұмыста табыс тіледі.
Айта кетейік, маусымның соңында Валентика Матвиенко Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті.