Қоғам

"Арнайы тұрғын үй бағдарламасы болады": Көлгінов жағымды жаңалықты бөлісті 

Биыл қалада 10 мың әлеуметтік пәтер салынады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Нұр-Сұлтанда қала күніне орай 400 отбасыға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.  

Елорда әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, пәтер алғандардың барлығы – баспана кезегінде тұрған азаматтар. Олар жетім балалар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер және тағы басқа әлеуметтік осал топтар.

"Әлеуметтік тұрғын үй қаланың барлық ауданында салынуда. Бүгін пәтер кілті Есіл ауданындағы (Пригородный елді-мекені) және Алматы ауданындағы (Қошқарбаев көшесі мен А 104 қиылысы) тұрғын үй кешенінен берілді", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, биыл қалада 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Осы санаттағы баспананың көлемі жыл сайын артып келеді. Бұдан бөлек, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.

"Қазақстандық тұрғын үй компаниясының (ҚИК) бағдарламасы бойынша қатысушылар санатын кеңейттік. Енді, медициналық қызметкерлер, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады", - деп атап көрсетті қала басшысы.

Оқи отырыңыз: Қалай баспана алуға болады: Қазақстанда іске асып жатқан тұрғын үй бағдарламалары

Сондай-ақ, жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін баспана бағдарламасы да жалғаса береді. Соның аясында жыл соңына дейін тағы 1 мыңнан астам жас баспаналы болады.

"Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жасқа пәтер кілті тапсырылған болатын. Сол сияқты 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасын (әлеуметтік несиелеу) іске қосуды жоспарлап отырмыз", - дейді Көлгінов.