Ауғанстанның солтүстігінде әскери босқындар саны артты

Тәлібтер Ауғанстанның шекарасы мен аумағын басып алып жатыр. Ауғанстан Ислам Республикасының қашқын әскерилерінің саны бірнеше мыңға жетті және алдағы уақытта Орталық Азия елдері босқындарға толуы мүмкін
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 6 шілде – Sputnik. Ауғанстанның төрт провинциясында әскери тәлібтер мен үкімет күштері арасындағы қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. Өткен тәулікте "Талибан"* Бадахшан провинциясындағы тоғыз уезді басып алды. Кабул басып кіруді жоспарлап отыр. Алайда жағдай мәз емес. АҚШ пен коалиция әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуына байланысты маусымда содырлардың соғыс қимылдары күшейе түсті.

Тәжікстан Республикасының мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша тәлібтер ауған-тәжік шекарасының (шамамен 910 километр) 70%-ін бақылауда ұстап отыр. Аталған шекараны 4-5 шілдеде Ағанстанның үкімет армиясының 1037 әскери қызметкері солтүстік бағытта кесіп өткен болатын. Тату көрші мен Ауғанстанның ішкі  ісіне араласпауды басшылыққа алған тәжік шекарашылары оларға өз елінің аумағына өтуге рұқсат етті.

АҚШ Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстаннан 9 мың ауғанды уақытша қабылдауды сұрады

Біраз бұрын тәлібтермен қақтығыс барысында Балх провинциясы мен Бадахшан облысынан 300-ден астам әскери Тәжікстан аумағына өтті. Ауғанстан Ислам Республикасындағы террористердің күшеюі және азаматтық соғыстың тағы қайталануы Орталық Азия елдері мен Ресей үшін ауыр салдарларға алып келуі мүмкін.

4 шілдеде Тәжікстан мен Ауғанстан президенттері Эмомали Рахмон мен Ашраф Гани әскери-саяси жағдайдың ушығуын телефон арқылы талқылады. Кабул мен Мәскеу ортақ қауіп-қатерге төтеп беру мақсатында барлау мәліметтерін алмасу ықтималдылығын талқылап  жатыр. Ауғанстанға Ресей әскерін жөнелту жайы әзірше сөз болған жоқ. Әйтсе де тәжік-ауған шекарасының маңында 201-ші ресейлік әскери базаның ауқымды әскери маневрлері өтті.

Сонымен қатар Ауғанстан аумағында "Ислам мемлекеті"* содырларының да белсенділігі артқаны Ресейді қатты алаңдатып отыр. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров "даиштықтар ең алдымен Ауғанстанның солтүстігіндегі аумақты, яғни бізбен одақтас елдердің шекарасын басып алуда" дегенді айтты.

ҰҚШҰ инфрақұрылымы мен әскері ең алдымен осы тектес қауіптерге тойтарыс беру үшін құрылған. ҰҚШҰ Парламенттік ассамблеясының кеңесі 1 шілдеді Ауғанстандағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Ұйымның бас хатшысы Станислав Зась та одақтастар мен серіктестерді оңтүстік шекараны нығайту үшін Тәжікстанға көмектесуге шақырды.

Ауғанстан Орталық Азия елдерінің арнайы жасақтарын біріктіруді ұсынды

Ауғанстан Ислам Республикасының үкіметі "Талибан"* елдің бүкіл аумағын соғыспен басып алу ойынан бас тартады деп үміттеніп отыр. Алайда мұндай үміт тууына негіз жоқ секілді көрінеді. НАТО әскері бекітілген кестеден ерте шығарылып жатыр. "Талибан"* провинцияларды бірінен кейін бірін басып алып, "Ислам эмиратының" болашақ үкіметін келіссөздер үстелінде қалыптастыруды қалап отырған жоқ. АҚШ пен Ұлыбританияның Ауғанстанда шектеулі көлемде әскер (сәйкесінше 650 + 100 арнайы жасақ) қалдыруға қатысты жоспары тәлібтердің ашуын келтіріп отыр. Содырлар жердің иесі ретінде шетелдік әскердің жылдам шығуын талап етіп, асықпағандарға қатысты шара қолдануға уәде етті.

АҚШ шет мемлекеттермен ынтымақтастық орнатқан 9-18 мың ауғанды Орталық Азия елдеріне қоныстандыруға тырысып жатыр. Себебі америкалықтар тәлібтер бұл отандастарына қарсы қандай амалға баратынын жақсы біліп отыр. "Жаңа тәртіпке" бағынбағандарды да ауыр жаза күтіп тұр. Сондықтан Тәжікстан мен Өзбекстанға бас сауғалап қашқан ауған әскерилері елін қорғау үшін Ауғанстанға қайтуы екіталай.

"Әскери босқындардың" артынша азаматтық босқындар легі басталуы ықтимал. Себебі Ауғанстан Ислам Республикасының миллиондаған халқының үштен бірі тәжіктер мен өзбектер. Бұл шамамен 10 миллион Ауғанстан азаматы. Осылардың оннан бірі ғана бас сауғалап солтүстікке қашса, мұның өзі де өңірдегі тұрақсыздық тудыруы мүмкін.

Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты Мазари-Шариф қаласындағы Түркия, Пәкістан, Иран консулдықтарының жұмысы тоқтатылды. АҚШ Кабулдағы өз дипломаттарын толық эвакуациялауды ойластырып жатыр.

Егер "Талибан"* билікке келген соң Орталық Азия аумағы мен халқына өз ықпалын жүргізуге тырысатын болса, онда Ресей мен оның өңірлік одақтастарының алдында күрделі проблема туындайды.

* – Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым.