Әлем

Мәскеуде коронавирусқа қарсы вакцина жасөспірімдерге сынала бастады

Иммундау ересектер адамдар үшін қолданылып жүрген "Спутник V" препаратын аз мөлшерде пайдалану арқылы орындалады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Мәскеу Гамалея атындағы орталықпен бірлесіп 12-17 жастағы жасөспірімдерге арналған "Спутник V" вакцинасының клиникалық зерттеуін бастады. Бұл туралы қала мэрінің әлеуметтік даму жөніндегі орынбасары Анастасия Ракова мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.

Сынақтың бірінші және екінші кезеңі Морозов балалар ауруханасы және З.А.Башляева атындағы балалар ауруханасының базасында өтіп жатыр.

"Ол үшін 100 адам іріктелді. Бүгін алғашқы еріктілерді медициналық тексеру басталды. Оның аясында міндетті түрде ПТР-тест қамтылады", - деді мэр орынбасары.

Иммундау жасы 18-ден жоғары адамдар үшін қолданылып жүрген "Спутник V" препаратын аз мөлшерде пайдалану арқылы орындалып жатыр. Зерттеу бір жылға созылады. Осы кезең ішінде балалар барлық уақытта дәрігерлердің бақылауында болады.

"Бірінші және екінші компонентін салғаннан кейін вакциналау үшін жасөспірімдер үш күн бойы оқшауланған бөлмеде стационарда жатады. Вакциналау алдында олардың жағдайы жіті тексеріліп, одан соң да бақылауда болады. Кейіннен анализ тапсыру үшін бірнеше рет ауруханаға келуі керек ", - деді Ракова.

Балалар арнайы мобильдік қосымшада өздерінің жағдайларын күн сайын жазып тұрады. Ал медицина мамандары олардың денсаулығын телефон арқылы бақылап отырады.

Зерттеуге бұған дейін коронавируспен ауырмаған, препарат салуға қандай да бір тыйым немесе басқа да медициналық шектеу енгізілмеген жасөспірімдер қатысып отыр. Егер екі апта бұрын жіті респираторлы вирусты инфекция жұқтырған немесе кемінде отыз күн бұрын басқа да екпе салғызған болса, вакциналауға қатыса алмайды.

Сынақтың үшінші кезеңі Мәскеудегі балалар емханасында өтеді: оған 250 адам қатысады. Бұл зерттеуге қатысатын адамдарды іріктеу жаздың соңында басталады. Зерттеу нәтижесі бойынша коронавирусқа қарсы вакциналау бағдарламасына жасөспірімдерді қосу туралы шешім қабылданады.

Ресейдің денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылдың тамызында коронавирусқа қарсы "Спутник V" препаратын тіркеді. Аталған вакцина Н.Ф. Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология зерттеу  орталығында әзірленді.

"Спутник V" адамның аденовирусты векторлары платформасында дайындалған. Екпе салғызған 3,8 миллион ресейліктің анализ нәтижесі бойынша оның тиімділігі 97,6%-ті құрайды.