Саясат

Тәжікстан басшысы Ауғанстандағы жағдайға байланысты Тоқаевқа қоңырау шалды

Америка сарбаздары Ауғанстаннан кете бастады, ал тәліптер үкімет күштеріне шабуылдап жатыр. Ауған әскерилері экстремистермен ұрыстардан кейін Тәжікстан аумағына шегінуде
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.

Тәжікстан тарапының бастамасымен Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

"Әңгімелесу барысында екі ел президенттері Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты Орталық Азия аймағындағы ахуал жөнінде жан-жақты пікір алмасты", - делінген хабарламада.

Қазақстан президенті Тәжікстанмен арадағы достық қатынастардың мызғымастығын нақтылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19-20 мамырда Душанбеге жасаған сапарының барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды Қазақстанның орындайтынын және бауырлас тәжік халқына берілетін көмекті жалғастыра беретінін айтты.

Мемлекет басшылары аймақтағы ахуал жайында өзара ақпарат алмасу және іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында тұрақты байланыс жасап тұруға келісті.