Оқиға

Қазақстанда тұратын туыстарына қонаққа келген әйел екі ұлымен бірге көз жұмды

Ауыл тұрғындарының айтуынша, әйел үш баласымен бірге Ресейден күйеуінің туыстарына қонаққа келген
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында 36 жастағы әйел мен оның екі ұлы суға батып кетті. Трагедия 4 шілде Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында болды, деп хабарлайды "Мой город" порталы.

Куәгерлердің айтуынша, әйел үш баласымен бірге Ресейдің Анапа қаласынан күйеуінің туыстарына қонаққа келген.

"Олар жағаны бекіту жұмыстары жүріп жатқан маңда суға кетті. Ол жердің тереңдігі – алты метр. Судан екі бала мен олардың анасының денесі шығарылды. Анасы киімшең, балалардың үстінде киім болған жоқ. Өзен жағасында балалар самокаты тұр. Олардың қалай батып кеткенін ешкім көрген жоқ. Балалар шомылып жүріп суға бата бастағанда, анасы құтқаруға тырысқан шығар", - деді Жарсуат ауылының тұрғыны.

Әйелдің артында екі жасар баласы қалды. Қазір сәбиге атасы мен әжесі қарап жатыр.

Тағы оқыңыз: Алматы облысында жасөспірім мен кішкентай қыз суға батып кетті

БҚО ТЖД баспасөз қызметінің ақпаратынша, Жарсуат ауылының тұрғындары судан үш адамның – 36 жастағы әйел және оның 5, 7 жасар ұлдарының мәйітін алып шықты. Құтқарушыларға хабар 20.40-та түсті.

"Қаза болғандар Ресей Федерациясының тумасы", - деді департаменттегілер.

Оқиға орнында полиция жұмыс істеп жатыр, істің мән-жайы анықталуда.