Қоғам

Назарбаев университеті сияқты тағы бір жоғары оқу орны ашылады  

Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жасанды интеллект университетін ашуды қолға алып жатқанын айтты
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 5 шілде – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аты берілген университеттің үлгісімен тағы бір жоғары оқу орны ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Қазір жасанды интеллект деген бірінші орынға шығып отыр. Осыған байланысты мен Алматыда жасанды интеллект университетін ашуды қолға алып жатырмын. Оның деңгейі Назарбаев университеті сияқты болады. Бізге ондай жоғары оқу орны керек", - деді Назарбаев "Nur-Sultan. Қолтаңба" деректі фильмінде.

Қазақстанның тұңғыш президенті ауыл шаруашылығы мен фармацевтика мәселесіне де тоқталды. Мәселен агроөнеркәсіп кешені бойынша әлі біраз жұмыс бар. Өнімді шетелге шығарып, біраз пайда табуға болады. Фармацевтика да солай.

"Мысалы коронавирусқа байланысты (вакцина шығару – Sputnik) мүмкіншілігіміз бар. Кәдімгідей медициналық-фармацевтикалық хаб жасау қажет. Дәріні өзімізде ғана шығармай, көршілерді де қамтамасыз ету керек", - деп атап өтті Назарбаев.

Оқи отырыңыз: Назарбаев астананың ортасында қалып қойған коттедждер мәселесін көтерді

Осы орайда Елбасы жастарды алдымен сапалы білім алуға үндеді. Бұл – заман талабы.

"Жалпы, барлық мәселе университет бітіруде емес. Дүниежүзі бойынша университет бітіргендердің саны 10 процентке де жетпейді. Басқа мамандықтар да бар. Бірақ жастар қандай мамандық таңдаса да, соның түбіне жетіп, үлкен маманы болуы керек", - деді Назарбаев.